Шымкент қаласы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Нұржан Қаракөзев шомылу маусымы кезіндегі қауіпсіздік ережелерін сақтау, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар бойынша баспасөз мәжілісін өткізді. Нұржан Нұрханұлы ақпараттық-түсіндірме жұмыстары, балаларды суда жүзуге тегін үйрету, заң талаптарын бұзушыларды жауапқа тарту сынды жұмыстардың нәтижелерін баяндады.
Қалада суда жаппай демалу, туризм және спорт үшін қала аумағында 5 ресми орын бекітілген, оның ішінде 3 орында шомылуға рұқсат етілген. Ал шомылуға тыйым салынған 13 орын бар. Жыл басынан бері қаладағы су айдындарында 1 жазатайым оқиға тіркелген.
Н.Қаракөзов ендігі ретте ақпараттық-түсіндірме жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын атап өтті.
– Сәуір айынан бастап судағы қауіпсіздікті сақтау бойынша рейдтік іс-шаралар, үгіт-насихат жұмыстары ұдайы атқарылуда. Шымкент қаласының су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар қаулысы негізінде жоспар бекітілген. Шомылу маусымы басталғалы бері 1000-нан астам баланы құтқарушылармен бірлесе суда жүзуге тегін үйреттік. Жалпы 15-ке жуық демалыс орындарымен меморандум түзілген, – дейді Нұржан Нұрханұлы.
Жазатайым оқиғаларды азайту, сондай-ақ шомылу маусымын қауіпсіз өткізу бағытында Департамент жергілікті атқарушы органдарымен, волонтерлермен бірлесіп, үгіт-насихат жұмыстарын одан әрі жалғастырады.
Сондай-ақ, Шымкент қаласы Төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Ирисмат Махмудов балалардың терезеден құлау жағдайларына тоқталып өтті. Оның мәліметінше, шаһарда биыл 5 жағдай тіркелген. Оған негізінен үлкендердің балаларды қараусыз қалдыруы, терезенің ашық қалуы сынды жағдайлар себеп болып отыр. Ирисмат Бақтиярұлы балалардың қауіпсіздігі ата-аналардың тікелей міндеті екенін айтып, бұл жағдайға немқұрайды қарамауға шақырды.