Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту саласында атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша баспасөз брифингі өтті. Қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Рзабек Меңдіқұлов жарты жылда жүзеге асқан жұмыстар және алдағы жоспарларды баяндады.
Қазіргі таңда қалада 81 елді-мекеннің 80-і сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілсе, 1 елді мекен (Құрсай) кестемен қамтылған. 2024 жылы Құрсай, Қайтпас-1 және Бозарық тұрғын алабының жаңа құрылыс аумақтарын ауыз сумен толық қамту жоспарлануда. Осы жұмыстардың нәтижесінде елді мекендерді ауыз сумен қамту деңгейі 100 %-ға жетпек.
Басқарма басшысының мәліметінше, 2024 жылы 4 елді мекеннің (Сайрам, Бозарық, Асар-2, Құрсай) жаңа құрылыс аумақтарын сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету жұмыстарын 2024-2025 жылдары атқару жоспарланып отыр. Оның ішінде, биыл мамыр айында Асар-2 шағынауданы бойынша 1150 абонент сапалы электрге қосылды.
Бүгінде қала аумағында 838,6 шақырым жылу құбырлары бар. Тозу деңгейі 37 %-ы құрайды. 2024 жылы жылу жүйелерімен үздіксіз қамтамасыз ету және тозу деңгейін төмендету мақсатында бюджеттен 4,0 млрд теңге бөлінген. Басқарма басшысы 2,4 млрд. теңгеге 30,0 шақырымға жуық жылу жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілетінін атап өтті. Биыл жыл қорытындысы бойынша жылу жүйелерінің тозу деңгейі 34 пайызға төмендейді.
Айта кетсек, Шымкент қаласы бойынша орталық маңызы бар 747 көшенің 522-і жарықтандырылған. 2023 жылы 90 көшеге жарық шамдар орнатылған еді.
2024 жылы басқарма тарапынан Тұран шағынауданындағы магистралды 13 көшені, аудан әкімдіктері тарапынан 5 аудан көлемінде 1000-ға жуық көшені жарықтандыру жоспарда.
Жылумен қамтамасыз ету ғимараттардың өмірлік маңызы бар жүйелер санына жатады және тұрақты қызмет етуді, қызмет көрсетушінің жоғары біліктілігін талап етеді.