30 шілде – Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күні ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері қаладағы перинаталдық орталық жұмысшыларымен ақпараттық профилактикалық кездесу өткізді.
Кездесуде адам саудасының түрлері мен ол үшін заңмен қарастырылған жауапкершілік турал ы түсіндіріліп, аталған ауыр қылмысқа қарсы бірлесіп әрекет ету жайында айтылды.
Сонымен қатар жиын қатысушыларына осы тақырыптағы жадынамалар таратылды.
Бұл бағыттағы іс-шараларға тәртіп сақшыларынан бөлек, «Сана сезім» әйелдер бастамалық құқықтық орталығы» қоғамдық бірлестігінің мамандары да жұмылдырылды. Олар теміржол вокзалында шоғырланған халыққа да түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, адам саудасының алдын алуға бағытталған ақпараттық парақшаларды таратты.
Мұндағы басты мақсат – адам саудасының алдын алу, азаматтар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру және тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізу арқылы олардың ақпараттық қорын кеңейту болып табылады. Өйткені, адамдардың хабардар болуы және күдікті жағдайларды дер кезінде тану қабілеті көптеген өмірді сақтап қалуы мүмкін.
Еске сала кету керек, Мемлекет басшысы 2024 жылғы 5 шілдеде «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, ол алғашқы ресми жарияланған күннен кейін 60 күнтізбелік күн өткен соң, яғни 2024 жылғы 5 қыркүйекте күшіне енеді. Заң шеңберінде Қылмыстық кодекске қылмыстардың жаңа санаты — адам саудасына байланысты қылмыстар енгізіледі және жаңа ұғым енгізілмек. Сондай-ақ қылмыстық жауапкершілік енгізіледі.
Қазақстан – адам құқықтары саласындағы халықаралық 60 шарттың толыққанды қатысушысы. Олардың 13-і тікелей құлдықтың қазіргі түрлеріне қарсы тұрумен байланысты. Сонымен қатар осы саладағы қатынастар көптеген заңмен реттеледі, ол бойынша мемлекеттік органдардың бұйрықтары да бекітілген. Алайда қазір құрбандар туралы айтпағанда, мемлекеттік органдардың қызметкерлері де толық құқықтық ақпаратқа ие болған жоқ. Жауапкершілік бұлыңғыр. Қарапайым, уәкілетті органдар мен олардың құзыреті анықталмаған.