Елімізде соңғы уақытта креативті индустрия туралы жиірек айтылып, бұл салаға мемлекет те аса мән беріп келеді. Бұл өз кезегінде азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, өмір сүру сапасы мен өзіне деген сенімділікті қалыптастыруға көп үлесін тигізері сөзсіз.
Қазір креативті индустрия орталықтары 3 ірі қалада (Астана, Алматы, Шымкент) шоғырланған, ал өңірлер назардан тыс қалып отыр.
Одан басқа, Мемлекет басшысы қыркүйек айындағы Жолдауында Үкімет алдына бірқатар жаңа міндет қойды. Оның ішінде Мәдениет және ақпарат министрлігіне креативті индустрияны дамытуды қолға алуды тапсырды. Шығармашылық индустрия, креативті экономика немесе білім экономикасы – бұл, ең алдымен, идеялар мен технологиялар негізінде дамитын зияткерлік қызметпен тығыз байланысатын экономика секторы.
Қазір сол бастама ел игілігі үшін маңыздылығын көрсетіп отыр. Мәселен, Үкімет 2021-2025 жылдарға арналған шығармашылық индустрияны дамыту тұжырымдамасын бекітіп, жүзеге асыруды бастап, оған қатысты қызметтің 43 түрін белгіледі. Нәтижесінде, ел бойынша 95 мың адам жұмыспен қамтылып, 32 мың кәсіпкердің жұмысы жанданған. Жақында шығармашылық жобалардың питчингтері, соның ішінде оқу семинарлары өткізілді. Оған 200-ден астам адам қатысты. Бұған қоса, білім беру, сәулет және қала құрылысы, ІТ сынды салаларда 5-тен астам жоба қажыландырылып, 70 млн теңгеден астам жеке инвестиция тартылған екен.
Республика бойынша халық ең көп шоғырланған Шымкент қаласында бұл бағытты дамыту ерекше жолға қойылған. Шымкент Креативті индустрия ассоциациясы 2022 жылдан бері жеке кәсіпкерлермен жұмыс жасап, оларға бағыт-бағдар беріп келеді. Соның айғағы бүгін Арбат алаңында Шымкент қаласының креативті индустриясы кәсіпкерлері қатысқан жәрмеңкеде дәлел болды.
Кәсіпкерлер өз өнімдерін халыққа ұсынып, ұлттық нақышта дайындалған бұйымдардан көрме ұйымдастырды.
Шымкент қаласының туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустриясы мен Шымкент қаласының Креативті индустрия ассоциациясымен бірге өткізген жиынға қолөнершілер, тоқымашылар, дизайнерлер, суретшілер және т.б. шеберлер қатысты.
Аталған іс-шара алдағы уақытта аптаның әр сенбі күні тұрақты түрде өткізіледі дейді жауаптылар.