Урумова Рахила Кенжебекқызы 1975 жылы 8 тамызда Қызылорда облысы Шиелі ауданында туған. 1982-1990 жылдар аралығында Шиелі ауданындағы N45 қазақ орта мектебінде (қазіргі “Ақ орда” атындағы N45 мектеп-гимназия”) білім алып, 1990-1992 жылдары Қызылорда қаласындағы №1 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнін тереңдетілген сыныбын аяқтаған. 1997 жылы Түркістан қаласында А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы, филолог» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1992 жылы Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы №1 теміржол балабақшасында тәрбиешіліктен бастап, 1997-2000 жылдар аралығында Шиелі ауданында №45 қазақ орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, 2000-2002 жылдар аралығында Түркістан қаласында Ататүрік атындағы №17 орта мектебінде (қазіргі таңда “мектеп-гимназия”) қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс атқарған. 2001 жылы Түркістан қаласында «Жыл мұғалімі — 2001» қалалық байқауының жеңімпазы атанған.
2002-2018 жылдар аралығында Түркістан қалалық білім бөлімі әдістемелік кабинеттің қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша әдіскері болып қызмет атқарған.
Рахила Кенжебекқызының 1999 жылы Қызылорда облысы бойынша «Шешендік өнер» атты 1-8 сыныптар аралығындағы авторлық бағдарламасы облыс көлемінде, 2004 жылы осы бағдарламасы Түркістан облысы бойынша таратылып, қазіргі таңда облыс мектептерінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен тереңдетілген сыныптары осы бағдарламамен оқытылуда.
Рахила Кенжебекқызы 2006-2009 жылдар аралығында өндірістен қол үзбей жүріп, А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің аспирантура бөлімінде білім алып, 2009 жылы Алматы қаласындағы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында кандидаттық диссертациясын қорғаған. Қазіргі таңда филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі бар. 2020 жылдан бері Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі.
Қалалық білім бөлімінде жұмыс атқарған кезеңінде 2008 және 2016 жылдары 2 рет «Ең үздік әдіскер» облыстық байқауының бас жүлдесін жеңіп алып, әдістемелік жұмысы облыс көлемінде таратылған.
Түркістан қалалық білім бөлімінде қызмет атқарған жылдары бөлімге қарасты мектептерде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытылуына, білім және тәрбие беру мекемелерінде «Тіл туралы» Заңның орындалуына бақылау мен басшылық жасады. Тілдерге қатысты мемлекеттік саясатты жүзеге асыруда қазақ, өзбек мектептеріне байланысты проблемалық мәселелерді шешуде өзіндік көзқарасы қалыптасқан маман ретінде абыройлы жұмыс атқарды.
Қала көлеміндегі қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, мектеп оқушылары арасында «Абай-Шәкәрім», «М.Мақатаев», «І.Жансүгіров», «О.Бөкей» оқуларын, өзге ұлт оқушылары арасында «Мен көп тілді білемін», «Мемлекеттік тілді білу – парызың», «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты байқауларды биік деңгейде ұйымдастырып, өткізді. Қалалық «Қазақ тілі» қоғамы бастауыш ұйымының мүшесі қоғамдық қызметін де қатар алып жұмыс жасады.
Рахила Кенжебекқызының 30-ға жуық әдістемелік нұсқаулықтары, 10-нан аса әдістемелік құралдары, жинақтары және 1 ғылыми монографиясы баспадан жарық көрген. 50-ге жуық мақалалары халықаралық, республикалық, облыстық, қалалық басылым беттерінде жарияланған. Осындай ізденістердің нәтижесінде 2018 жылы облыстық «Ең үздік әдістемелік басылымдар» байқауының жеңімпазы атанған.
Ұстаздық еңбек жолында Рахила Кенжебекқызы 2011 жылы «Ы.Алтынсарин» атындағы төсбелгінің иегері атанып, бірнеше рет Республика, облыс, қала көлеміндегі марапаттауларға ие болған.
Рахила Кенжебекқызы 2018 жылдың қыркүйек айынан бастап Түркістан қаласында Ататүрік атындағы №17 мектеп-гимназиясында басшылық қызмет атқарып келеді және мектеп-гимназия статусын көтеруде бірнеше жобалардың іске асуына жетекшілік жасауда.
Рахила Кенжебекқызы мектеп-гимназияда жүргізген инновациялық жұмыстарды жинақтай отырып, облыстық «Педагогикалық идеялар» фестивалінде жүлделі І орынды және облыстық «Үздік әдістемелік калейдаскоп» байқауында басқарудағы өзіндік стратегиялық және тактикалық жоспарлау үлгісін ұсына отырып, жүлделі ІІІ орынды иеленді.
Көшбасшылық басқарудың жаңашыл моделін ұсынуға негізделген Республика көлеміндегі «Жылдың үздік директоры» байқауының және облыстық «Табысты менеджер — 2022» байқауының жеңімпазы атанды. 2022 жылы Қызылорда қаласында өтілген І Республикалық директорлар конкурсында 3 орын иеленді.
Жаңашыл басшының озық іс-тәжірибесі облыс басшыларына бірнеше рет таныстырылып, тәжірибесі облыс көлемінде таратылды.
Ғалым басшының мектеп-гимназияның 30 жылдық тарихына арналған «Шамшырағы жағылды отызыншы көктемнің» атты кітабы және мектеп-гимназияны басқарудың жаңашыл жобаларын ұсынуда мектеп басшыларына арналған «Білім беру мазмұнын жаңарту аясында адами әлеуетті дамытуды басқарудағы инновациялық қадам» атты әдістемелік құралы 2020 жылы баспадан жарық көрді.
Рахила Кенжебекқызы соңғы жылдары бірнеше халықаралық тағылымдамалардан өтіп, сапалы білім берудің заманауи озық әдіс-тәсілдерін мектеп-гимназия тәжірибесіне енгізуде. Бүгінде “Тілдес.кз” халықаралық қазақ тілі ұйымының мүшесі ретінде қазақ тілін үйренемін деген шетелдіктерге авторлық озық тәжірибесін ұсынып келеді.
Қазақтың кемел, талантты, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың «Елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастау керек» деген тұжырымды ойын жете түсініп, балаға берілетін білімнің сапалылығына ерекше мән бере білген табысты басшының әлі де атқарар еңбегі зор, алар асуы биік болмақ.