Негізгі мамандығы мұғалім М. Ғайбуллаұлы жас отбасы болғандықтан бір айлыққа қарап қалмай қосымша егін шаруашылығымен де айналысуды құп көреді. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген нақыл сөзді оқушыларына ауызша айтып қана қоймай өзі де төккен маңдай терін іс жүзінде дәлелдейді. Сөйтеді де ерте көктемнен бастап қолы қалт етсе егін шаруашылығымен айналысатын ағасының жанына еріп Түркістан қаласы Қарсақты елді-мекенінде егін егудің қамына кірісе бастайды.
«Байлықтың атасы – еңбек, анасы – жер» дегенді дана бабаларымыз бекер айтпаса керек. Жерден өтер байлық жоқ. Бас басында бір-бір диплом болса да ата, әке, ағалары егін шаруашылығымен айналысып, жерден ризығын тапқан жандар болғандықтан, бұл жігіттер қарап отыра алмай ата кәсібін жалғастыруды хош көреді.
Алдымен көшеттерді үйде егіп аламыз
«Қарбызды өсіру үшін наурыз айы басталғаннан өнген тұқымдарды жеке ыдыстарға егу жұмыстарын бастаймыз, содан кейін бұл көшеттерге күтім жасаймыз. Бұған шамамен бір ай кетеді. Көшеттерді фосфор-калий тыңайтқыштарымен қоректендіруден бастап оған түрлі суару, ылғалдандыру, ерте егілетіндерінің көлемі үлкен болу, түрлі жәндіктерден қорғау үшін дәрілеу жұмыстарын қосыңыз» дейді жас диқан.
Тұқым себілген сәттен бастап алғашқы жеміске дейін 2,5-нан 3 айға дейін созылады. Ол аралықта егіс басында жұмыс қайнап жатады. Ауыл диқандары соқа-сайманын сайлап, алқап басында уақытпен санаспай еңбектенеді. Жер жырту, суландыру жүйелерін қалпына келтіреді. Әлбетте, мұның барлығына сабырлық және осы еңбегімнен мол пайдаға кенелемін деген үміт олардың ісіне серпін беріп, ертеңгі күнге деген сенімдерін арттырып отырғаны сөзсіз.
Биыл скважина қазып алдық
«Ағама еріп жылда жасап жүрген кәсібіміз — осы. Биыл да ерінбей ерте бастан қамданып, жерімізді өңдеуге кірістік. Көктемнің әрбір қолайлы сәтін, менің жұмыстан босаған уақытымды, әсіресе сенбі, жексенбі күндерін ұтымды пайдалануға күш салдық. Өзіміздің иелігіміздегі 20 гектар суармалы егістік жер бар. Алдыңғы жылдары ағын су болмай, көрші жер иелерінен су алып, соңы дау-дамайға, келіспеушілікке ұласқан кездер болған еді. Негізі, су – тіршілік нәрі. Онсыз өнім қайдан болсын? Биыл соның алдын алып, еккен егініміз бітік шықсын, ешкімге қол жаймайық, сұрамайық деп несие алып, әрқайсысының тереңдігі 40 метрден екі скважина қаздырдық. Моторды қоссаң болды — су атқылай кетеді дейсің! Осылайша төккен терімізді ақтайды деген үмітпен су шығаруға 3 млн теңге жұмсадық», дейді ағасына көмек беріп, қарбыз өсірумен айналысып жүрген Мағжан.
Бір айта кетерлігі, шаруа адам барлық жұмысқа өзі жүгіреді. Жер өңдеуден бастап, сапалы тұқымды табу, шаруашылықтың толып жатқан есеп-қисаптары бәрі-бәрі шаруаның өз мойнында
Субсидиялау шартымен тракторға қол жеткіздік
Ауыл шаруашылық саласында еңбектеніп, отбасын асырап жүрген, ағайынды шаруа қожалығы иелерінің үлкені Құрбан Ғайбуллаұлы осы жылдың басында ауыл шаруашылығы техникасына қол жеткізеді. Ол сомасы 13300000.00 теңге YTO-NLX1024 тракторына субсидия арқылы ие болады. Мемлекет төлейтін сыйақы мөлшерлемесі, яғни субсидияланатын 14.00%, ал қарыз алушы төлейтін сыйақы мөлшерлемесі 6.00%. Кредит шарты бойынша негізгі борышты қайтару мерзімі 2028 жылдың соңғы айы. Шарттары шаруаның көңілінен шыққан соң, әрі өзі де көптен бері трактор алуға ниеттеніп жүргендіктен бірден келісе кетеді. Бүгінде егін басында сақадай сай тұрған қытайлық қызыл трактор тіркемелерімен қызу еңбек етіп, барлық жұмысқа жарап тұр.
Өзбекстанның жер емген диқандарын алдырттық
«Жер қадірін баптаған диқан білер, зер қадірін зер соққан зергер білер» демекші, күллі адамзатты асырап отырған қасиетті қара жердің де қадірін жерді баптаған, ерте көктемнен қара күзге дейін бел жазбай еңбектеніп жүрген диқан қауымы жақсы біледі. Қазіргі таңда ел ішінде егін егіп, бақша дақылдарын жайқалту үшін оның тілін жетік білетін, осы кәсіпті «іштен біліп туған» өзбекстандық диқандарсыз елестету қиын. Сондықтан қарбыз егуге ниеттенген ағалы-інілі ортақтасып жұмыс істеуге намангандық Хусаиновтар отбасын алдыртады. Олармен еккен егіннің табысын, төккен тердің машақатын «бірге бір» келісіп, шаруашылығын бастап кетеді.
Табыс қашанда еңбекпен, аянбай жұмыс істеумен келеді. Жоғарыда айтып өткен, «балапандай» баптаған көшеттерді жайлы жерге жайғастырудан бастап, таңнан кешке дейін, аптап ыстықта бел жазбаған ерлі-зайыпты Хусаиновтар мен олардың балаларына қарап, расында жұмыстарының ауыр екеніне көз жеткізесің. Нәсібін жерден тапқан диқан қауымының ащщы тері нәтижесінде ақталса екен дейсің.
Ал ауыл шаруашылығы саласының білгір маманы Қ.Ғайбуллаұлы алқап басында өзі болып, жұмысшыларға бағыт-бағдар беріп жүреді. Оның қарбыздан бөлек, жүгері, жоңышқа, асқабақ дақылдарын егіп малдың қысқы азығына дайындығын кәзірден бастап кеткенін айтсақ артық болмас.
Біз қарбыз еккен жылы бәрі егіпті
«Осылайша демалысқа шыға сала алаңсыз алқап басынан табылдым. Таңғы 4-те тұрғаннан егіс басына барып шаруаларыңды атқармасаң күндіз ми айналып жерге түсердей ыстықта ұзаққа шыдай алмасыңды білесің. Егіс басында шәйлада қона жататын диқандардың күнделікті азық-түлігін, қажетті сұрағандарын жеткізіп беру – басты міндетің. Олардың істеген ісі берекелі, тамағы мен көңілі тоқ болу үшін «әкә-үкәлап» көңіл-күйіне қарап қоюды ұмытпайсың.
Сонымен көптен күткен алғашқы қарбызымыз қызарып, 20 маусымда дәмін тату бұйырды. Дереу сатып алушы клиенттерді іздеп, өткізуге асықтық. Өйткені байқаймын, биыл қарбыз өте көп. Біз қарбыз еккен жылы бәрі еккен сияқты. Алғашқы 25 тонналық 4 фураны килограммын 60 теңгеден өткізіп, жөнелткен соң «үф» деп еркін тыныс алғандай болдық. Алды Ресей, кейбірі Астана, Алматыға жол тартты.
Қиындық келесі рейстерде туындады. Қайда қарасаң қаптаған қарбыз. Көбейіп кеткені сонша, баға күрт төмендеп кетті. Шытырлаған пұл болар сәті туындағанда теңкиген қарбызға ешкімнің қарамай қойғаны ішті удай ашытты. Ал жалпы есептегенде, қарбыздан 500 тоннаға жуық өнім алдық».
Қарашықтағы «питак»
Бүгінде қаладан Қызылордаға қарай шығар жолда Қарашықтың бойында қауын-қарбыздың саудасы қызып, иісі мұрынды жарып тұр. Алушыдан сатушы көп дерсің. Оған Сауран ауданынан, яғни Қарсақты, Шорнақ, Ибата, Ораңғай, Құшата ауылдарынан келген диқандар өнімдерін сыйдыра алмай тұр. Егістікте дақылдар бір уақытта пісіп, көбейіп кеткеннен жағдай осылай. Дәл қазір қарбыздың килограммы 25 теңге. Шаш етектен пайдаға кенелемін деген шаруа енді шығынын жапса да шүкір дегелі тұр.
Жолы болған диқандар өнімді көтерме бағасына өткізіп, алушы таппағандары егіс басына тіркемені жалдап, толтырып әкеліп Қарашық тасжолының бойына жайғасудан басқа амалын таппай жүр. «Бұйырғаны болар» дейді шарасыз қалған шаруа. «Не өткеніне сатасың, не туыс пен танысқа тегін таратып, сауабын аласың» дейді бірі еріксіз күліп.
Міне, егіс басына барып көріп қайтқанымыздай биылғы қарбыз еккен диқанның жайы осылай. Бірі «пайдаға сенім артып несие алып қойған едім» деп уайымға салынса, бірі «аз да болса табыс бар» деп қанағат етеді, тағы бірі «кеткен шығыным өтелсе жарар еді» деп алаңдайды. Қанша жерден «еңбегім зая кетпес» деп үміттенгенмен, өнімге де, саудаға да сенім жоқ. Қауын-қарбыз бір уақытта бірдей піскенде абдырап қалатын алқап иелері өнімдері шіріп кетпес үшін өткен бағасына беруден басқа амалы қалмайтынына көзімізді жеткіздік. Есіл еңбек – ерінбегендікі, бейнет – диқандікі, сондықтан пайдасын да еңбегіне қарай көрсе екен деп журналист ретінде алаңдап, көліктің багажын қарбызға толтырып, қалаға қарай біз де жол тарттық. Расында, «қарбыз егіп, қарық боламын» деген диқанның үміті ақталды ма, тегін жатқан дүние жоқ, шығыны ше, өзін-өзі жапты ма екен, еңбегі далада қалмады ма екен…