Бүгін, Шымкент қаласының Статистика департаментінің басшысы Ерназар Құлтаев БАҚ өкілдеріне брифинг өткізген болатын. Маңызды брифинге сауда және байланыс салалары бойынша алты айдың қорытындысы айтылды, деп хабарлайды q-content ақпараттық порталының тілшісі.
Шымкент қаласының әкімшілік ғимаратында өткен брифингте Департамент басшысы Е.Құлтаев әлеуметтік-экономкалық көрсеткіштер жайлы нақты ақпараттар берді. Мысалы, 2019 жылғы қаңтар-маусымдағы қаланың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін, атап айтқанда демография, тұрмыс деңгейі, еңбек нарығы және еңбекақы төлеу, шағын және орта кәсіпкерлік, өнеркәсіп, көлік, сауда және байланыс салалары бойынша 6 айлық қорытындылар жайлы тоқталып өтті.
— 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша қала халқының саны — 1 022 449 адамға жетті. Өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда халық саны 2 пайызға немесе 20158 адамға артқан. 2019 жылғы қаңтар-мамырда халықтың табиғи өсімі — 8900 адам. Республика бойынша сәби туу мен табиғи өсім көрсеткіштері бойынша қала 4 орында. Бес айда қала бойынша 10 919 бала дүниеге келген немесе 2 пайызға өсті, — деді, департамент басшысы Е.Құлтаев.
Сондай-ақ, Шымкент қаласының 1-ші тоқсандағы өңірлік өнім көлемі 470 901,1 млн. теңгені құрап, 2 пайызға артқан екен. Өнеркәсіп — 32.6, көлік және қоймалау — 15, 6, көтерме және бөлшек сауда — 13,9 пайызды құрайды. 2019 жылғы 1 сәуірге шағын және орта кәсіпкерліктегі жұмыспен қамтылғандардың саны — 138 482 адам.
Қалада жалпы жұмыс күші — 430,6 мың адам. Жұмыспен қамтылғандар — 408,8 мың адам. Ал өз бетінше жұмыспен қамтылғандар — 126,1 мың адам.
Сондай-ақ, халықтың жұмыспен қамтылу сауалнамасының нәтижелері бойынша 2019 жылғы 1 тоқсанда жұмыссыздық деңгейі 2018 жылғы 1 тоқсанмен салыстырғанда сол деңгейде — 5,1 пайыз бойынша қалып отыр.
Қаламыздың Статистика департаментінің басшысы Ерназар Сейітханұлы сөз соңында өзекті сұрақтарға жауап қайырды. Жиынға келген журналистер қалада орын алатын алдағы уақыттың көрсеткіштері жайлы да анықта алуға тырсыты. Және де брифингте халық санағына да дайындық басталғаны және бірқатар жұмыстар атқарылып жатқанын туралы ақпарат берілді.
(Суретті түсірген — Б. Сейітжаппар)