«Ақ жол» партиясының төрағасы «Жайлы мектеп» жобасы аясында
Шымкент қаласындағы «Нұртас» шағын ауданында салынып жатқан 2000 орындық білім ордасының құрылыс барысымен танысты.
Жалпы, ұлттық жоба аясында салынып жатқан барлық мектептер заманауи оқу жабдықтарымен және жиһаздармен қамтамасыз етіледі. Ыңғайлы мектептердің жобалары қауіпсіз білім беру ортасын құруға бағытталған және мүмкіндігі шектеулі балаларға да бейімделген. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін жеке кіреберістері, спорт залдары мен асханалары бар бөлек блоктар қарастырылған.
Партия мүшелері құрылыстың қарқыны мен сапасына оң баға беріп өтті.
Сонымен қатар, Азат Тұрлыбекұлы «Бизнеске арналған үкімет – Shymkent INVEST» кеңсесінің жұмысымен танысты.
Инвесторлар мен кәсіпкерлерге қызмет көрсетудің бірыңғай орталығы жобасын әкімдік пен Кәсіпкерлер палатасы бірлесе жүзеге асырып отыр. Мұнда қала кәсіпкерлері мен инвесторларға «бір терезе» қағидаты негізінде мемлекеттік қолдау және мемлекеттік қызмет көрсетіліп келеді.
– «Ақ жол» демократиялық партиясы бизнес партиясы ретінде, әсіресе, экономика жөніндегі ұсыныстарды толық қолдайды және оларды іске асыруға өз үлесін қосуға дайын. «Ақ жол» демократиялық партиясы Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған барлық тапсырмаларын қолдайды, бизнес партиясы болғандықтан, бізге, әсіресе, ондағы экономика және кәсіпкерлікті қолдау саласындағы бастамалар аса маңызды көрінеді, – деген Азат Тұрлыбекұлы сапарын «ЗЕРДЕ-Керамика» ЖШС керамогранит тақтайшасын шығаратын зауытта жалғастырып, кәсіпорын жұмысымен танысты. Сондай-ақ, кәсіпорын қызметкерлерімен кездескен депутаттар, 200-дей адамды жұмыспен қамтып отырған зауыттың басшысы Қанат Битеміровті ұзақ жылғы еліміздің экономикасына қосқан үлесі үшін «Еңбегім еліме» құрмет белгісімен марапаттады.
Айта кетейік, жылына 2 млн. шаршы метр керамогранит тақтайшасын шығаратын зауыт қазіргі таңда толық өндірістік қуатында жұмыс істеп, өңір халқын жұмыспен қамтып отыр.
«ЗЕРДЕ-Керамика» зауытының өнімдері бүгінгі таңда жайлы мектептердің құрылыс жұмыстарына да жіберіліп жатыр. Ал республика бойынша Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Тараз, Ақтөбе, Өскемен, Қостанай, Семей, Қызылорда, Орал және Атырау сынды ірі қалаларда 40-тан астам дилерлері бар.

Banner Content

0 Comments

Leave a Comment

This is a Sidebar position. Add your widgets in this position using Default Sidebar or a custom sidebar.