Шымкентте жастар кәсіпкерлігін қолдау негізінде «Мүмкіндіктер алаңы» атты жәрмеңке ұйымдастырылды.
Іс-шараны Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастырып отыр.
Бұл шараның басты мақсаты – жас кәсіпкерлерге өз өнімдері мен қызметтерін кең аудиторияға таныстыруға мүмкіндік беру, олардың бизнестерін дамытуға қолдау көрсету. Сонымен қатар, тәжірибе, тың идеяларымен алмасып, өздерінің бизнес жобасын дамыту үшін мүмкіндіктер таба алатын бірегей алаң.
Жәрмеңке аясында әртүрлі салада қызмет ететін жас кәсіпкерлер өздерінің инновациялық жобаларын ұсынды. Жәрмеңкеге келушілер түрлі қолөнер бұйымдарын тамашалап, өзіне қажеттісін сатып алу мүмкіндігіне ие болды. Жәрмеңкеге қатысқан 30 кәсіпкер арасында ынтымақтастықты дамыту, тәжірибе алмасу және жаңа іскерлік байланыстар орнатуға жағдай жасалды.
Кәсіпті бастау қашанда оңай, бірақ ары қарай дұрыстап игеріп әкету қиын. Кей адамдар кәсіп бастау дегенді жеке кәсіпкер ретінде немесе заңды тұлға ретінде тіркелу деп қана түсінеді. Кәсіпті жүргізуде жүйелі көзқарас керек. Ең алдымен кәсіпкер немен айналысқысы келетінін анықтап, осы бағытта өзінің алдына қойған мақсатын нақтылап, сол мақсаттарына қол жеткізу үшін еңбектенуі қажет.
Жәрмеңкеде көздің жауын алатын, керемет гүл шоқтарына көзіміз бірден түсті. Гүлзат Райымқұлова гүлдерді өзі жасайды екен. Жасаған дүниесін әлеуметтік желі арқылы сатып, кәсібін ақшаға айналдырып отырған жайы бар. Гүлзаттың айтуынша, осындай жәрмеңкелердің халыққа танылуға, жеке бренд болып қалыптасуға зор көмегі бар дейді. Біз де өз кезегімізде Гүлзатқа сәттілік тілеп, еңбегінің жемісін көрсін дейміз.
-«Мүмкіндіктер алаңы» жәрмеңкесі жас кәсіпкерлерге қолдау көрсетудің, олардың әлеуетін ашудың және қоғамдағы белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастырудың маңызды қадамы болып табылады, — дейді ұйымдастырушылар.