Сегізінші шақырылымдағы Шымкент қаласы мәслихатының кезекті XX сессиясы өтті. Жиында бірқатар мәселелер қаралып, барлығы депутаттар тарапынан қолдау тапты. Сессияға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.
Күн тәртібінде алдымен бес ауданда атқарылып жатқан жұмыстардың есебі тыңдалды. Абай ауданының әкімі Шәкір Сұлтанхан, Әл-Фараби ауданының әкімі Рашид Мыңбаев, Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбек, Қаратау ауданының әкімі Рақымберді Мүлкеманов және Тұран ауданының әкімі Берік Әшірбеков инфрақұрылыммен қамту, көлік инфрақұрылымы, көшелерді жарықтандыру, аулаларды абаттандыру және тағы басқа салаларда жүзеге асқан жұмыстардың барысын баяндады.
Сонымен қатар, білім басқармасының жаңа оқу жылына, энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының қысқы жылыту маусымына дайындығы мәселесі талқыға түсті.
Мәслихат депутаттары жылу жүйелерінің құрылысын сапалы орындап, жұмысты жеделдету қажет екенін еске салды. Таяуда мәслихат депутаттары білім нысандарының оқу жылына дайындығын және жылу жүйелері құрылысының барысын бақылап қайтқан болатын. Ендігі ретте жұмысшылар санын көбейтіп, құрылысты өз мерзімінде аяқтау басты назарда тұр.
Одан бөлек, жиында Шымкент қаласы мәслихатының шешіміне бірқатар өзгерістер енгізілді. Депутаттар күн тәртібіндегі жалпы 17 мәселе бойынша тиісті шешімдер қабылдады.
Қала әкімі Ғ.Сыздықбеков кезекті сессияда маңызды мәселелер қаралғанын атап өтіп, инфрақұрылыммен қамту, жарықтандыру мәселелері кезең-кезең бойынша шешімін тауып жатқанын мәлімдеді. Халықтың жағдайын жақсарту, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруда депутаттарды одан әрі де бірлесе жұмыс істеуге шақырды.