Мемлекет басшысының халыққа Жолдауын бір деммен тыңдадық. Ондағы атом электр стансасын салуға қатысты пікірі бәрімізді бей-жай қалдырған жоқ. Осы мәселе туралы қоғамда алуан түрлі ой бар, дегенмен халықтың дені жағдайды жақсы біліп, бейбіт атомды ел игілігіне пайдалануға қарсы емес. Мұны қоғамның бел ортасында жүрген соң айтып отырмын.
Азамат ҚОЙШЫҒАРА
Көп ұзамай елде энергия тапшылығы орын алатыны баршаға мәлім. Өйткені біздегі электр энергиясының 70%-ы көмір стансаларында өндіріледі. Олардың тозу деңгейі өте жоғары. Стансалардың кейбірі алдағы 10 жыл ішінде пайдаланудан шығарылуы ықтимал. Жоспарға сәйкес, алдағы онжылдықта 26 мың МВт қуаттылығы бар стансалар іске қосылады. Әрине, оның ішінде қолданыстағы стансаларды жаңарту жұмыстары да бар. Жаңа стансаларды салу да көзделген. Бұл туралы жауапты орган қызметкерлері неше рет қайтара айтты. Десек те, АЭС-тің орны бөлек. Оны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы жақсы айтты. Ел экономикасы күн өткен сайын мол энергияны қажет етіп жатқанын айта келіп, мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алатынын ұқтырды.
«Біз еліміздің өзіне тән ерекшелігін және ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, тек алға қарай жүруіміз қажет. Бір сөзбен айтсақ, болашақты ойлауымыз керек. Сондықтан мен атом электр стансасын салуға қатысты барынша байыпты шешім қабылдау қажеттігін ұдайы айтып келемін», деген Мемлекет басшысы алдағы референдумда халықты байыпты шешім қабылдауға шақырды.
Бұл бірер жылдың емес, халықтың алдағы жүздеген жылдық жағдайын бағамдап айтқан ұсыныс-пікірді біз «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» бір ауыздан қолдаймыз. Өйткені елдің 20 өңірі мен басты қалаларында АЭС-ке қатысты өткерген іс-шараларда халықтың байыпты таңдау жасай алатынына көзіміз жетті.
Бану Нұрғазиева,
«Қазақстанның Азаматтық Альянсының» президенті