Мемлекетіміз де ана мен баланы қорғау және қолдау мәселелеріне үнемі көңіл бөліп келеді. Өйткені, мемлекеттік болашағы отбасына, ондағы ана мен баланың жағдайына да байланысты.
Елімізде 2 қыркүйектен бастап ЮНИСЕФ-пен әзірлеген халықаралық мультииндикаторлық кластерлік зерттеу, МИКС басталды.
МИКС зерттеуі Қазақстанда төртінші рет өткізіліп отыр. Бұған дейін ол 2006, 2010 және 2015 жылдары жүргізілген. «МИКС 2024»-тің негізгі мақсаты – әйелдер мен балалардың денсаулығы мен әл-ауқатын бағалау және бақылау, сондай-ақ олардың дамуының негізгі көрсеткіштері туралы сенімді ақпарат алу. Зерттеу аясында денсаулық сақтау, тамақтану, білім беру, санитария, балаларды ерте жастан дамыту және басқа аспектілерді қоса алғандағы сұрақтар қойылады.
– Сауалнама Қазақстанның 20 аймағын қамтиды. 2 қыркүйек пен 29 қараша аралығында өтеді. Еліміздің барлық өңірінде, 24 мың үй қамтылады. Сауалнамадағы сұрақтар тұрмыс пен денсаулықтың әртүрлі аспектілерін қамтиды, соның ішінде білім беру, санитарлық жағдай және басқа да маңызды көрсеткіштер бар. Барлық сауалнама тиісті мемлекеттік органдармен бекітілген. Интервьюер барған тұрғындар осы сауалнамаға түсіністік білдіреді деген үміттеміз. Зерттеуге қатысу Қазақстан халқының тұрмыс жағдайы мен денсаулығын жақсартуға көмектесетін маңызды мәліметтерді жинауға көмектеседі», – деп атап өтті Ұлттық статистика бюросының Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Меруерт Жанабаева.
«MICS 2024» аясында бес негізгі сауалнама парағы болады: үй шаруашылығы, әйелдерге арналған, ерлерге арналған, бес жасқа дейінгі балалар туралы, бес жастан он жеті жасқа дейінгі балалар туралы.
Сауалнамаға қатысу ерікті түрде өтеді, алынған ақпараттың анонимділігі қатаң сақталады және ол тек статистикалық мақсаттарда пайдаланылады. Интервьюерлер Бюро, ЮНИСЕФ, АДБ және ЮНФПА логотиптері бар киім киіп, бейджик тағады. Әрбір бейджикте сауалнама туралы сенімді ақпарат алуға болатын ресми веб-сайттың QR сілтемесі көрсетіледі. Аталған зерттеу қорытындысы бойынша есеп Ұлттық статистика бюросының және ЮНИСЕФ сайтында жарияланады.
MИКС іске қосылған 1996 жылдан бері 118 елде аталған зерттеу жүргізілген. Биылғы науқанға Қазақстанды қосқанда 27 ел қатысады деп күтілуде.