Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының басталуына санаулы ғана күн қалды. Айтулы шарада спорт жарысынан бөлек мәдени әрі ғылыми бағдарламалар да қолға алынған. Жылдың ең маңызды оқиғасы саналатын шараны қолдауға және оны халық арасында насихаттау мақсатында «Бірлік Керуені» жобасы басталған болатын. Шырайлы шым қаладан да дүбірлі доданы қолдау мақсатында керуен елордаға аттанды.
Керуен сапары қасиетті Қошқар ата бұлағынан бастау алды. Бұл жерден көшпенділер ойындарының басты нышаны және негізгі элементі – қасиетті су алынды. Әр өңірден жолға шыққан делегация торсыққа құйылған суды Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатында тайқазанға құяды.
Салтанатты көш «Шымқала» тарихи-мәдени кешеніне жиналды. Әсерлі театрландырылған көрініс көрсетіліп, әуелеген ән шырқалды, мың бұралған бишілер өнер көрсетті. «Бірлік керуені» алдында белгілі былғары қолғап шебері Мұхтархан Ділдәбеков сөз сөйлеп, сәттілік тілеп, батасын берді. Абыз ақсақал бұлақ суы құйылған құмыраны аманат етіп көш бастаушыға ұсынды.
– Біздің өңірден спорттың 10 түрінен 18 спортшы Астана қаласына жетіп, соңғы дайындықтарын өткізіп жатыр. Өңірдің өз стилінде безендірілген «Керуен» құрамында су толтырылған ыдыспен бірге, Астанаға ойындардың мәдени бағдарламасына қатысатын шығармашылық топтар да кетті, – дейді Шымкент қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Маратбек Мықтыбеков.
Ойындардың ашылу күні құрамында еліміздің барлық аймақтарының атынан келген, қолына қасиетті су толтырылған, торсық ұстаған батырлары бар керуен ойындардың ашылу рәсімі өтетін жерге жарқын шерумен аттанады. Қасиетті көздерден алынған су ДКО ашылу рәсімінің шарықтау шегінің маңызды құрамдас бөлігі болмақ. Аталған ойынға 100-ден астам елден спорттың 21 түрінен 4 мыңға жуық қатысушы келеді деп жоспарланып отыр.
«Көшпенділер әлемі» бағдарламасында Шымкент қаласының мәдениет саласынан 126 адам өнер көрсетеді. Атап айтар болсақ, «Астана арена» стадионында өтетін ашылу салтанатына Шымкент қалалық өзбек драма театрының әртістері өнер көрсетсе, 9 қыркүйек күні Шымкент қаласының өнерпаздарының қатысуымен концерт өтеді. Сонымен қатар, «Қазанат» ипподромы маңындағы «Көшпенділер әлемі» этноауылында Шымкент қаласынан 3 киіз үй тігіледі.