Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына арнаған бүгінгі Жолдауында 2025 жылды – Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Бұл тегін болмаса керек. Тәуелсіз Қазақстан тарихында өзіміз білетіндей, әр жылға ерекше мән беріліп, Денсаулық жылы, Мәдениетті қолдау жылы, Ауылды қолдау жылдары деп атағанымыз мәлім.

Бүгінгі қоғамда жұмысшы мамандықтарға деген құрмет пен еңбекті бағалау, дәріптеу өзекті екені рас. Кәсібін жетік меңгерген маман – сұранысқа ие маман бола отырып, ел экономикасына да өз үлесін қосып, ұлт сапасын арттыра түспек.

«Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі. Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет», – деді Тоқаев.

Бүгінде жастардың жұмысшы мамандықтарына деген көзқарасы өзгеруде. Кәсіпкерлікке қолдау көрсетіліп отырған қоғамда жұмысшы мамандықтарына деген сұраныстың артуы да заңдылық.

Бүгінгі күні жастардың жеке тұлға болып қалыптасуында мамандықты дұрыс таңдауы маңызды және оған бейімделу мәселесі өзекті.

Еңбекке баулуды, белгілі бір кәсіпке қызығушылықты арттыруды мектеп қабырғасында төмен сыныптардан бастап, үйретіп, дәріптеп, бағыттап отыруды қолға алу маңызды. Сондай-ақ, кәсіптік білім беруге баулуда дуалды оқытудың көрсеткіші жоғары екендігін де айтқым келеді.

Атап айтқанда, мектеп оқушыларымен кәсіби бағыт-бағдар беруге арналған апталықтар, жетістікке қол жеткізген жастармен, ауыл шаруашылығындағы, мал шаруашылығындағы, құрылыстағы табысты еңбек ардагерлерімен кездесулер өткізіп отыру да өз нәтижесін береді. Еңбектің наны тәтті екенін түсініп білуде тер төккен кісіге деген құрметтің де жоғары болатынын түсінеді.

Әрбір жас мамандық таңдауда қателеспеуі абзал. Жастарымыз мектеп бітірген сәттен өз мамандықтарын дұрыс таңдай келе, табысты, белгілі бір кәсіптің көзін таба білген, іскер, жаңашыл, ізденімпаз болып қалыптасады. Ал бұндай жастың болашағы жарқын болары сөзсіз.

Сәуле Рысбаева.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Шымкент қаласы бойынша филиал доценті, саяси ғылымдар кандидаты.

 

Banner Content

0 Comments

Leave a Comment

This is a Sidebar position. Add your widgets in this position using Default Sidebar or a custom sidebar.