Биылғы жылдың 7 айының қорытындысы бойынша өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда қаланың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде тұрақты өсім бар. Қаланың қысқа мерзімді экономикалық өсімі 11,6 пайызды құрап, республика бойынша алғашқы 3-орынға көтерілген (2023 жылдың тиісті кезеңінде – 6 орынды құраған).
Қаладағы әлеуметтік-экономикалық ахуалдың жақсаруына байланысты, жергілікті бюджеттің түсімдері артқан. Биыл бюджет шығыстарының көлемі 764,0 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 107,0 млрд теңгеге көбейді. Ал, бюджет түсімдерінің көлемі 61 млрд теңгеге ұлғайып, 404 млрд теңгеге жетті. Бүгінгі таңда оның 272 млрд теңгесі түсіп, жоспар 19,8% — ға артығымен орындалды. Бюджет көлемі артуына байланысты халықтың табысын арттыру жұмыстары жүргізіліп келеді.
Биыл жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын жалақысы төмен 15 мыңға жуық қызметкерге қосымша 50 мың теңге үстемеақы тағайындалып, ең төменгі жалақы 140 мың теңгеге көтерілді. Оған жергілікті бюджеттен 8,1 млрд теңге бағытталды. Сонымен қатар, биылдан бастап кәсіпкерлікті дамытуға, кеңейтуге, қаржы айналымын ұлғайтуға, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беру мақсатында бөлшек салық мөлшерін 4 пайыздан 2 пайызға төмендетілді.
Айта кету керек, 2023 жылдың осы есептік кезеңінде де , Шымкент қаласының экономикасының барлық негізгі салаларында тұрақты өсім байқалған болатын. 2023 жылдың қаңтар-шілде айларының аралығында өнеркәсіп өнімінің көлемі 574 млрд. теңгені құрап, нақты көлем индексі 100,3 пайызды көрсеткен.
Өнеркәсіп өнімінің артуына Шымкенттегі арнайы экономикалық және индустриалды аймақтардың ықпал зор екені де баршаңызға белгілі. Атап айтар болсақ, Шымкентте жалпы аумағы 869 гектарды құрайтын 5 өндірістік алаң жұмыс істейді, онда 13 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құрумен, 358 млрд. теңгеге 337 инвестициялық жоба іске асырылуда. Бүгінде бұл жобалардың басым көпшілігі іске асып, нақты кәсіпорындар өнім өндірумен және өңдеумен айналысып жатыр.
Бұдан бөлек Шымкентте өндіріс алаңдарына қажеттіліктің артуына байланысты тағы 5 өндірістік алаң ашылады деп жоспарланған болатын. Оның ішінде «Жұлдыз», «Бозарық», «Стандарт» индустриалды аймақтарын ашу және «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы мен көлік-логистикалық аймақтың аумағын кеңейтуге бағытталған жобалар да бар еді.