«Астана Опера» труппасы алғаш рет Шымкент қаласына сапармен келді. 1-қазан Халықаралық музыка күніне орай жоспарланған концертке, елімізге танымал өнер жұлдыздары да қатысты. Шымкент қалалық опера және балет театрында өткен жиынға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек және Шымкент қалалық опера және балет театрының директоры Майра Мұхамедқызы келді. Елордалық труппа қазақстандық композиторлардың туындыларымен қатар, әлемдік опера жауһарларына толы жарқын бағдарламаны көрерменге ұсынды.
«Астана Опера» опера труппасының директоры Мейір Байнеш «Қалаларды біріктірген музыка» атты жоба аясында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылғанын айтты.
– Бұл гастроль Қазақстан бойынша турлар географиясын кеңейтіп, қаладан қалаға ауысқан классикалық өнердің өзіндік бір сипатына ие болмақ. Теарт сахнасының шағын болуына байланысты, біз кейбір қойылымдарды ұсына алмадық. Сол үшін, оркестрь құрамынан 35 адам, хор орындаушыларынан 38 адам және солистерді әкелдік. Кеште Қазақстандық композиторлардың туындыларын орындауға ерекше маңыздылық берілді. Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсынан «Шегенің термесі» мен М.Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсынан «Айтыс» сахнасы сынды ұмытылмас сәттер, тыңдармандарға зор әсер қалдырды. Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнінің орындалуы әртістерге де, көрермен ге де отансүйгіштік сезімін шыңға шығарды. Бұл шығармалардың барлығы ұлттық музыкалық мәдениетті көрсетті. Қазақ тарихына терең үңілетін оңтүстік жұртшылығының әсте көңілінен шықты деген ойдамыз. Оларды орындау арқылы түп тамырымызға оралу дегенді білдіреді. Шабытқа толы өнер туындылары Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиннің жетекшілігіндегі «Астана Опера» симфониялық оркестрінің және хорының сүйемелдеуімен өтті,-дейді Мейір Байнеш.