Жылыту маусымы өртке өте сақ болуды талап ететін кезең. Кей өңірлерде жылыту маусымы басталып та кетті. Мамандар көмегімен өрттің алдын алу шаралары тұрғындарға жан-жақты түсіндіріліп жатыр. Сол себепті төтенше жағдайлар қызметкерлері халыққа барынша сақ болуды ескертеді.
Шымкентте 2024-2025 жылғы жылу беру кезеңі басталар алдында қала әкімінің орынбасары Айдын Кәрімовпен «2024-2025 жылдардағы жылу беру кезеңіне арналған өрт профилактикалық жұмыс» жоспары бекітілген болатын. Осы шаралар барысында төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында 15 тамыз бен 15 қыркүйек аралығында қала аумағында «Өрт қауіпсіздік айлығы» өткізілді. Оның шеңберінде тұрғын үй секторларында төтенше жағдайлардың туындау тәуекелдерін азайтуға бағытталған жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылып жатыр.
Жылыту кезеңі бастала салысымен өрт салдарынан топтық адам өлімінің 4 фактісі тіркеліп, 17 адам, оның ішінде 6 бала қаза тапты. 11 қазанда Қостанай облысының Жітіқара ауданында болған өрттен бір үйдің 5 баласының қайтыс болуы бәрімізге сабақ болуы керекті.
Жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігіне төтеншеліктер қалай дайындалып жатыр, Шымкент қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына қарасты газ техникалық инспекция бөлімінің қызметеркелерінің дайындығы қалай? Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифинг барысында Шымкент қаласы ТЖД бастығының орынбасары Е.Отарғалымұлы мен Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы басшысының орынбасары М.Абдинуров баяндады.
– Бізде жыл көлемінде, қыс болсын, көктем, жаз, күз мезгілінде болжанған төтенше жағдайға байланысты іс-қимылдар жүргізіледі. Жеке құрамда соған байланысты дайындық өтеді. Жылыту маусымының басынан бастап, әлеуметтік желілерде 138, бұқаралық ақпарат құралдарында 34 шығарылым жарияланып, қала аумағындағы шағын аудандар арасында 150 рет дауыс зорайтқыштар арқылы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі күнге дейін 7 мыңнан астам адамды қамтитын 3812 қатты отынмен жылытылатын тұрғын үйлер араланып түсіндірме жұмыстары, білім беру мекемелерінде 1500 оқушыны қамтитын 42 интерактивті сабақ өткізілді, – дейді Е.Отарғалымұлы.