Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы М.Мықтыбеков балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт секцияларын жан басына шаққандағы қаржыландыруды дамыту жоспарын баяндады.
Өскелең ұрпақтың спорттық әлеуетін арттыру мақсатында спорттың 64 түрі бойынша 5-17 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер спорт секцияларында жаттығуда. Бұл бағытта 120 кәсіпкер іріктеуден өтіп, спорттың 18 түрінен 17 280 балаға ваучер берілді. Қала әкімі басқарма басшысына жобаны іске асыруда ашықтықты қамтамасыз етіп, қаражаттың мақсатты жұмсалуын қадағалауды тапсырды.
Шымкент қаласы бойынша көліктік бақылау иснпекциясы басшысының міндетін атқарушы Н. Жамашов 9 айда атқарылған жұмыстарды баяндады. Есепті кезеңде инспекцияға 12 768 электрондық өтініш келіп түсті. Олардың 7 640-і мақұлданған, 5 128 орындаудан бас тартылған. Бұл ретте қала басшысы жауаптыларға сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жойып, қызметтердің ашық көрсетілуін қадағалауды тапсырды.
Сонымен қатар жиында қала әкімінің жеке қабылдауында берілген тапсырмалардың орындалу сапасы мен қорытындысы талқыланды. Ғ.Әбдімәжитұлы өзекті мәселелерді оңтайлы шешіп, азаматтармен байланысты күшейтуді ескертті.
— Әрбір уәденің жүгі бар. Сөзге беріп болып, азаматтарға берілген уәделерді уақытында орындаңыздар. Халықтың сенімін жоғалтпай қашан да ашық болыңыздар. Тапсырмалардың нақты, мерзімінде орындалуы маңызды – деді қала әкімі.
Сонымен қатар қала басшысы жауаптыларға жылу маусымы қарсаңында жұмыстарды ширатып, өзекті мәселелерді дер кезінде шешуді ескертті. Аппарат мәжілісінде өзге де қысқа дайындық шаралары мен жол құрылысындағы маңызды мәселелер пысықталды.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі