Бизнеске мемлекет тарапынан қолдау көрсету өңірдің ғана емес, тұтас елдің кәсіпкерлік секторын дамытуда маңызды рөл атқарады. Осыған орай, өңірдегі кәсіпкерлердің қаржылық мәселесін шешіп, екінші деңгейлі банктерден несие алуына «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы қолдау көрсетіп, жұмыс істеп келеді. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» – бұл «Бәйтерек» Ұлттық холдингінің құрылымына кіретін мемлекеттік даму институты. Қордың мақсаты – Қазақстанда шағын және орта бизнесті дамыту.
– «Даму» қоры арқылы Шымкент қаласында 2010-2023 жылдар аралығында мемлекеттік қолдау алған кәсіпкерлер 11,2 мың жаңа жұмыс орнын ашып, бюджетке 316 млрд. теңге салық төледі. Бұл экономикаға айтарлықтай серпін береді, – дейді «Даму» қорының Шымкент қаласы филиалының директоры Жомарт Ермағанбет.
Бүгін «Даму» қорының мамандары БАҚ өкілдеріне баспасөз турын ұйымдастырып, өңірдегі үш кіспорынның жұмысымен таныстырды.
БАҚ өкілдері алдымен жеке кәсіпкер Әйгерім Тілеубаеваның цех жұмысымен танысты. Кәсіпкер 2023 жылы жабдықтар сатып алу мақсатында несие рәсімдеп, «ТЕМКА» брендімен өз өндірістерін бастап кетті. Цехта қуырылған пісте, жержаңғақ, аралас жаңғақтар сынды өнімдер өндіріліп, қаладағы дүкендерге таратылуда екен.
Келесі өндіріс орны қалаға «Айжамал тәттілері» атымен танылып үлгерген «Айжамал Group» ЖШС-ның кондитерлік өнімдер шығару цехы болды. 100-ден аса тәтті бәліштер мен торттардың 10 түрін, сонымен қатар жартылай дайын өнімдер шығаратын цех іші шет елдік заманауи жабдықтармен жабдықталған.
Келесі аралаған нысанымыз жақында ғана тұсауы кесілген білім ордасы болды. «Zangar Bilim» компаниясының «Аужан» КТЛ мектебінде қазіргі таңда 400 бала білім алуда. Жан-жақты білім берумен қатар спорт, сурет салу, бағдарлау және музыка сынды бағыттар бойынша 30 түрлі үйірме жұмыс істейді екен.
Қаланың 8 жерінен сату нүктелерін ашқан, үлкен кәсіпорынға айналған «Айжамал тәттілері» мен «Zangar Bilim» компаниясы да «Даму» қорынан қолдау тапқан.
«Шымкент келбеті»