Қазақстанның экономикасы соңғы жылдары бірқатар маңызды өзгерістерге ұшырап, елдің қаржылық жүйесін жаңғырту мәселелері басты назарда тұр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында экономикалық тұрақтылықты нығайту, нақты секторға қолдау көрсету, шағын және орта бизнесті дамыту, сонымен қатар, қаржы жүйесінің тиімділігін арттыру қажеттілігін ерекше атап өтті. Бұл мәселелер экономиканың ұзақ мерзімді дамуына ықпал етіп, елдің іскерлік ортасын белсендіріп, тұрақтылықты қамтамасыз етеді.
Президенттің жолдауындағы ең маңызды мәселелердің бірі – ақша-несие және фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті жою. Қазіргі таңда нақты секторға несие беру деңгейі төмен болып, экономикаға қажетті қаржыландырудың жеткіліксіздігі анық байқалады. Бұл жағдай еліміздің іскерлік ортасының белсенділігіне, жалпы экономикалық тұрақтылыққа және оның дамуына кедергі келтіруде. Әсіресе, шағын және орта бизнестің жеткілікті қаржыландырылмауы – экономиканың ең маңызды салаларының біріне тежегіш әсерін тигізіп отыр.
Қазақстанның банк секторының қазіргі жағдайы мен пайдасы да маңызды назар аударуды қажет етеді. Халықаралық сарапшылар Қазақстанның банктерін ресурсқа бай елдер ішіндегі ең көп пайда табатын банктердің қатарына қосады. Әрине, банктердің қаржылық әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді, алайда бұл сектордағы салық мөлшерінің әділ белгіленуін де талап етеді. Банктердің акционерлері өз дивидендтеріне сәйкес салық төлеуге міндетті болуы тиіс. Бұл мемлекеттік қолдау шараларына сай келетін әділ ұстаным деп бағаланады.
Сонымен қатар, цифрлық активтердің айналымын қамтамасыз ету және банк саласына инновациялар енгізу өте маңызды. Бұл процестер қауіпсіздік талаптарына сәйкес жүргізілуі тиіс, сондықтан қаржы секторын реттейтін тетіктердің тұрақтылығы үлкен мәнге ие. Цифрлық экономика мен финтех саласы Қазақстанда үлкен қарқынмен дамып келеді, сол себепті реттеуші механизмдерді жаңартып отыру – уақыт талабы.
Қазақстанның банк жүйесін тиімді түрде жаңғырту үшін жаңа заңнамалық база қажет. Қазіргі қолданыстағы заң 30 жыл бұрын қабылданған және ол бүгінгі заман талабына сәйкес келмейді. Сондықтан банктер туралы жаңа заң қабылдау арқылы елдегі экономикалық белсенділікті қолдау, финтех саласының дамуын ынталандыру сияқты өзекті мәселелер шешілуі тиіс.