Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында экологиялық мәселелерге ерекше назар аударылды. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы елді біріктіретін маңызды бастама ретінде танылып отыр. Президент бұл жобаның халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастырудағы рөлі туралы айтып, оның қоғамдағы жаңа құндылықтарды қалыптастыруға ықпал ететінін ерекше атап өтті. Экологиялық таза ел құру және қоршаған ортаны қорғау әрбір азаматтың күнделікті дағдысына айналуы тиіс деген негізгі ой көтерілді.
«Таза Қазақстан» акциясы көктемде басталып, елдің барлық аймағында кеңінен қолдау тапты. Бірнеше айдың ішінде 3 миллионға жуық азамат осы акцияға белсене қатысып, 1 миллион тоннадан астам қоқыс жиналды. Аулалар, көшелер, саябақтар тазартылып, еліміздің көптеген аймақтары экологиялық тұрғыдан жақсара түсті. Бұл акция тек экологиялық мақсатты ғана көздеп қоймай, халықтың елге, табиғатқа деген сүйіспеншілігін оятып, қоғамдағы жаңа мәдениет пен қоғамдық этиканы қалыптастыруға ықпал етті.
Еске сала кетейік, 26 қазанда Шымкент қаласының тұрғындары «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында бірігіп, биылғы жылдың ең ірі сенбіліктерінің бірін өткізді. 4000-нан астам қала тұрғындары, оның ішінде ақсақалдар мен еріктілер де коммуналдық қызметтермен бірге қала аумағын тазартуға белсенді қатысты. Іс-шараға барлығы 49 арнайы техника жұмылдырылды. Оның ішінде 8 тиегіш, 24 самосвал, 3 автокөтергіш және 14 борттық «Газель» көлігі. Шығарылған қоқыс көлемі 8 435 текше метрді құрады.
Сенбілікке қатысушылар ағаштарды ағарту мен шөп шабудан бастап өзен арнасын тазартуға, қураған ағаштарды кесуге және жас ағаштарды отырғызуға дейінгі көптеген жұмыстарды атқарды. Бір күнде 1000 көшет отырғызылды, бұл қаланы көгалдандыруға қосатын маңызды үлес болып табылады.
Президент бұл жобаның уақытша науқан емес, тұрақты жоба ретінде жыл бойы жалғасуы қажет екенін баса айтты. Қоғамның экологиялық мәдениетін арттыру және қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауды күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналдыру – «Таза Қазақстан» акциясының басты мақсаттарының бірі.
Президент қоршаған ортаны ластаушы азаматтардың әрекетіне заң тұрғысынан тосқауыл қою қажеттігін атап өтті. Кейбір азаматтардың табиғатты ластап, экологиялық мәдениетке бей-жай қарауы елдің экологиялық ахуалына кері әсерін тигізуде.