Соңғы жылдары дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарының бағыты концептуалды тұрғыда өзгеріп, жаңа медиа түсінігі қалыптасуда. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің айтуынша, бұл өзгерістер халықаралық тәжірибелер мен қоғамның қажеттіліктерін ескере отырып, масс-медиа туралы заңнаманы қайта қарауды талап етеді. Жаңа заң жобасы жұртшылықтың талқылауына ұсынылды және оны әзірлеуге білікті заңгерлер мен сарапшылар тартылды.
Жаңа заң жобасының басты мақсаты – журналистердің мәртебесін көтеру, мемлекеттік ақпараттық саясатты қаржыландыру тетіктерін реформалау, өзін-өзі реттеу институттарын дамыту, сондай-ақ телерадио хабарларын тарату саласындағы трендтерді өзгерту. Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері бойынша заңға енгізілетін түзетулер азаматтардың ақпаратқа қол жеткізу құқығын заңсыз шектейтін мемлекеттік органдардың жауапкершілігін күшейтеді. Бұл өз кезегінде журналистердің мемлекеттік органдардан ақпарат алу мәселесіне елеулі өзгерістер әкеледі.
Журналистерге білім мен тәжірибе қажет, себебі медиаға шабуылдар мен манипуляциялар көбейіп келеді. Сондықтан журналистер шындықтың жағында тұрып, ақпараттың дұрыс әрі жедел берілуіне жауапты болуы тиіс. Журналистер үшін семинарлар мен басқосулар өткізу — біліктілікті арттыру үшін аса маңызды. Медиасауаттылықты арттырудың нәтижесінде халықтың ақпараттық сауаттылығы да көтерілмек, бұл өз кезегінде қоғамда ақпаратқа негізделген пікірлердің қалыптасуына ықпал етеді.
Заң жобасы 78 баптан тұрады, олардың арасында 33-бап «Баспасөз картасы» деп аталады. Бұл картаның болуы журналистерге арнайы құқықтар береді. Алайда журналистер арасында 35-баптың 28-баптан не себепті бөлектенгені жөнінде сұрақтар туындауда.
Заң жобасында ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ету маңызды қадамдардың бірі ретінде қарастырылған. Сұраныс хатқа жауап беру мерзімінің 7 күннен 5 күнге қысқаруы БАҚ өкілдері үшін жағымды жаңалық болып табылады. Бұдан басқа, заң жобасында жарияланатын ақпараттың сапасын көтеру және журналистердің этикалық нормаларын сақтау міндеттемелері де ұсынылған.
Заң жобасында сөз бостандығы, шығармашылық бостандығы, ақпаратты алу мен таратуға Конституцияда кепілдік берілген нормалар қарастырылған. Мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар азаматтардың құқықтары мен мүдделеріне қатысты ақпаратпен танысу мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті. Сонымен қатар, мемлекеттік құпияларды жария ету, экстремизмді насихаттау секілді әрекеттерге тыйым салынады. Қазақстанның масс-медиа заңнамасындағы өзгерістер журналистердің құқықтық мәртебесін ғана емес, олардың қоғамдағы рөлін де анықтайды Журналистер халықтың тілегі мен мұң-мұқтажын жеткізуде маңызды рөл атқарады. Сондықтан мемлекет БАҚ өкілдеріне қолайлы жағдай жасауға міндетті. Заң жобасының негізгі міндеттерінің бірі — осы жағдайды қамтамасыз ету.