Шымкент қаласында есірткімен күрес шаралары белсенді түрде жүргізілуде, және жастар арасында есірткі қылмысының алдын алу маңызды бағытқа айналған. Есірткі – қоғам үшін ауыр дерт, ал нашақорлықпен күресу мемлекеттің басты міндеттерінің бірі болып табылады. 2024 жылдың тоғыз айында есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысты 397 адам анықталды, олардың көпшілігі 21-39 жас аралығындағы азаматтар. Бұл көрсеткіш, әсіресе, жастардың есірткіге тәуелділігінің артып келе жатқанын айқын көрсетеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев есірткі саудасымен күрестің маңыздылығын атап өтті. Президенттің айтуынша, еліміздің жаңа сапасын қалыптастыру үшін нашақорлықпен және есірткіге қарсы күрес жүргізу қажет. Былтырғы жылы елімізде есірткіге қатысты 7,5 мыңнан астам қылмыс анықталып, заңсыз айналымнан 41 тонна есірткі тәркіленген. Бұл жайт, әсіресе, жастар арасында нашақорлықтың тез таралуы алаңдатуда. Тоқаев, сондай-ақ, есірткі заттарын өндіретін адамдардың жазасын барынша қатайту қажеттігін атап өтті.
Шымкент қаласының прокуратурасы мен полициясы «Нашақорлыққа жол жоқ» жобасы аясында бірлескен жұмыстар жүргізуде. Қала прокурорының орынбасары Ержан Мараттың мәлімдеуінше, есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысты жүргізіліп жатқан профилактикалық шаралар мен құқық қорғау органдарының өндірісіндегі қылмыстық істер туралы есеп берілді. Мысалы, қалада интернетте таралған есірткі жарнамалары жойылып, тұрғындармен есірткінің зияны туралы профилактикалық түсіндірме жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Нәтижесінде 500-ден астам есірткі заттарын сату туралы жарнамалар анықталып, бұғатталды.
Полиция департаментінің есірткі айналымына қарсы күрес басқармасы «Қарасора-2024» арнайы жедел-іздестіру іс-шараларын өткізіп, синтетикалық есірткілерді өндіретін зертханалар анықталды. Шымкентте Қазақстандағы ең ірі мефедрон өндіру және тарату арнасы тоқтатылды. Синтетикалық есірткілер нарықта айтарлықтай өсіп, оны қолданушылардың да саны күннен-күнге артқан.
Таяуда «Шымкент – есірткісіз қала» атты іс-шара өткізілді, онда 1500-дей ерікті жастар синтетикалық есіртіктердің зияндылығын түсіндіру мақсатында белсенділік танытты. Бұл акция барысында мамандар тәжірибе жүзінде есірткі таратушыларды байқаған жағдайда, әрекет ету тәртібі туралы толыққанды көрсетті. Жастар тиісті сала мамандарына көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, жауаптар алып, өзара пікір алмасты. Бұл туралы «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі Тағабай Қасым өзінің кезекті мақаласында жазды.