Мақатаарал ауданында бүгінде ай-сайын 25-30 миллион теңгені дайын өнімін шығарып жатқан кәсіпорындар бар. 2009 жылы Шымкент қаласында негізі қаланған «Ғибрат Құрылыс» ЖШС, ағымдағы жылы тұрақты мекен-жайын біздің ауданға ауыстырып қайтадан тіркеуден өтіп отыр.
Шолпан Дүйсенбина басшылық ететін осы ЖШС қазірде уақытша Т.Жайлыбаев елдімекенінде орналасып, ауданда ПУИД-2 жобасы аясында жалпы жобалық құны 115 миллион теңгені құрайтын тапсырыстар орындап жатыр екен. «Ғибрат құрылыс» сол тапсырыстар аясында ағын су жүйелерін салу мен оларға қажетті темір-бетондық өнімдер шығару, каналдарды тазартудан бөлек, газ желілеріне және түрлі мекемелер мен жеке тұлғалардың тапсырысы бойынша түрлі темір-бетон өнімдерін жасауда.
Аудан көлеміндегі барлық жұмыстарға негізінен жобалық менеджер Тұрысбек Кемелов басшылық етсе, көмекшісі механик Ғани Серіков түрлі бағыттағы жұмыстарға арналған 46 техникаға жауапты екен. Ол эксковатор, жүк көліктері, бетон араластырғыштар мен жанар май және су тасуға арналған көліктермен басқа да арнаулы техникалардың уақтылы жұмыс істеуін қадағалап тұрады.
Инженер-технолог Абдрахман Қарабеков бізге осы жерде атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен таныстырды. «Түркияның «Умман» фирмасының зауытында шығарылған алып қондырғы сағатына 60 куб дайын бетон шығаруға қауқарлы. Сол қондырғының арқасында біз ай сайын 4 түрлі 250-260 дайын өнім шығара аламыз. Өзімізге қажетті шикізаттардың барлығын да Шымкенттен алдырамыз. Себебі жеткізушілерімізбен талай жылдан бері жұмыс істеп келе жатқандықтан олар бізге тек сапалы өнім жіберуде»-деп, ол жұмыс процессімен таныстырды.
Менеджер Тұрысбек Кемелов өз сөзінде «Қазір біз 57 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмыз. Олардың жалақылары орта есеппен 130 мың теңгені құрайды. Жұмысшылар ыстық тамақ пен жатын орынмен толық қамтылған. Ай сайын орта есеппен 25-30 миллион теңгенің өнімін шығарудамыз. Шығарған өнімімізді тұтынушылардың арасында мектептер мен жеке тұлғаларда бар. Егер тапсырыс болып жатса, өнім түрлері мен көлемін арттыруға толық шамамыз жетеді.
ЖШС атынан аудан әкімі Бақыт Асанов мырзаға алғысымыз шексіз. Ол кісі бізді арнайы Шымкенттен шақыртып, еркін жұмыс істеуімізге барынша жағдай жасауда. Ал аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Қанат Әбдірахманов қажетті құжаттарды реттестіріп беруде. Енді біздің басты өтінішіміз, аудан көлемінде орналасқан арнайы индустриялды аймақтан жер бөлініп берілсе. Сонда қазіргідей жалға жер алмай бір тұрақты орынға қоңыстанар едік. Бұл біз үшін үлкен көмек болар еді». Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Қ.Әбдірахманов, индустриялды аймаққа орналасуға қажетті рұқсатты тек облыстық басқарма беретіндігін, ол жаққа ЖШС атынан қажетті құжаттар жіберіліп қойылғанын, енді тек рұқсат құжатын күтіп отырғандарын айтты.