Испанияда ойнайтын сұрмергендері Черышев жарақат алса, гол соққызбайтын бразилиялықтары бар екен
Футболдан Еуропа Чемпионатының іріктеу ойндары қызыққа толы өтуде. Қазақстан құрамасы өз тобында 7 ұпаймен үшінші орында келеді. Еліміздің футбол құрамасының ойындарына көз жүгірте келе Испаниядан, Франция мен Бразилиядан ойыншылар тартсақ қалай? Қалай болғанда да қазақ жігіттеріне Еуропа былай тұрсын, өз құрамамыздан, біріншіліктегі мықты командаларымыздың негізгі сапынан орын табылмай жатыр. Қара домалақтарымыздың еуропаның деңгейінде ойнауға әлі де шеберлігі аздық етуде. Жас Сейдахмет пен Зайнутдинов сынды екі үмітіміз бар. Алайда, екеуін де команда бапкерлері алаңға шығара бермейді. Құрамамыз өсу үшін нақты шешімдер жасағанымыз дұрыс секілді.
Жеңілсек те, жеңсек те өзіміздің қазақты негізгі құрамда жасыл алаңға шығару керек. Тағы бір жолы құрамаға мықты, сапалы ойыншылары көп елдерден жігіттер тарту керекпіз. Ресейден емес.
Бүгін, Ресей мен Қазақстан құрамасының футболшылары Еуропа Чемпионатының іріктеу ойындарының қарсаңында өз тобындағы екінші кездесуін өткізді. Бірінші кездесуде көршімізге қонақжайлылық танытып, өз-өзімізге гол соғып, «Астана-Аренада» 0:4 есебімен масқара болып жеңілген болатынбыз. Испания біріншілігінде ойнап жүрген Черышев 2 гол соққан еді. Станислав Черчесов тізгінге алған қазіргі Ресей құрамасы 2008 жылғы күшіне жақындап қалды.
Ресей мен Қазақстанның бүгінгі кездесуі Калининград қаласында өтті. 2018 жылғы Әлем Чемпионатына арнайы соғылған «Калининград» стадионы 35 мың жанкүйерді сыйдыра алады. Қос құраманың сапында жаңа стадионның жасыл алаңына шыққан орыс жігіттері көп болды. Ресейдің негізгі құрамы мен қосалқылары бір-бірімен ойын өткізгендей. Ара-арасында алаңда Қазақстан сапынан үш қазақ, Ресейде «адасып» жүрген екі бразилиялық көрінді. (Екіншісі Гильерме) Бразилиялық Марио Ферндандес 89 минутта жалғыз голдың авторы атанды. Дұрыс тебе алатын Черышев жоқ екен деп қуанып жүрсек, гол соққызбайтын бразилиялықтары бар болып шықты.
Бір қызығы өзіміздің құрамамызды орыс ойыншыларымен «күшейтіп» жатсақ, Ресей доп шеберлері Пеле, Роналдо, Роналдиньо, Ривалдо, Карлос, Неймар т.б. сынды футболшылар шыққан елдің жігіттерін жинап жатыр екен. Яғни, көршілеріміз еуропада құрамалық деңгейде де үлкен жетістікке жету үшін бразилиялықтарды додаға қосқанды жөн санайды. Жаман болып жатқан жоқ. ФИФА рейтингісінде көтеріліп келеді. Өздерінен әлемдік деңгейдегі 11 ойыншы шықпайтынын білген Ресейден сабақ алғанымыз жөн-ау.
Шағын футболдан Чемпиондар Лигасының фавориті «Қайратты» бразилиялықтар сүйреп жүргенін білеміз. «Ақымақ бас – екі аяқтың соры» демекші, көре тұра көз жұмып отырмыз.
Еуропа Чемпионатының іріктеу ойындарында жастармен күшейген Голландия, Германия, Бельгия құрамалары өз топтарын «қиратып» келеді. Ал, 1,9 миллион халқы бар, жер көлемі бойынша 166 орындағы Косова (8) елі ағылшындарды (9 ұпай) арттарынан қуып келеді. Украина, Испания, Италия, Ирландия, Дания, Швейцария құрамалары өз топтарында жеңіліс көрмепті. Түркияға (12 ұпай) 2:0 есебімен жеңілген қазіргі Әлем Чемпиондары Францияның (12) да жағдайы жақсы.
І-тобы: Бельгия — 18, Ресей — 15, Қазақстан, Кипр — 7, Шотландия — 6, Сан-Марино — 0 ұпай.
Қазақстан 11-ші қазанда Шоталандия құрамасын өз алаңында қабылдайды.