Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің қатысуымен қала орталығында Арбат демалыс орны ашылды. Салтанатты ашылу рәсіміне Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов, Облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенұлы, Түркістан қалалық еңбек және соғыс ардагерлері кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымберұлы, Қалалық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Әбдіханов Әбдіқадыр қатысты. Халық саялайтын, таза ауамен тыныстайтын демалыс орнының ашылуына қала тұрғындары мен қонақтары куә болды. Ер түріктің алтын бесігі саналатын Түркістан шаһары Түркістан облысының орталығына айналғанына бір жылдан аса уақыт өтті. Осы уақытта қаншама құрылыс нысандары бой көтеріп, жұмыс қарқынды түрде жүріп жатыр. Арбат демалыс орны халыққа жайлы әрі көрікті жерлердің бірі болмақ. Ғажайып нысанның ашылу салтанатында облыс басшысы Өмірзақ Естайұлы құттықтау тілегін білдіріп, қаланың әлі де қарқынды дами түсетіндігін айта өтті.
«Күні бүгінге дейін, шаһарға байланысты қаншама мемлекеттік деңгейдегі маңызды шаралар қаралып, Президентіміздің тікелей қамқорлығымен көз тоярлық игі істер атқарылып келеді. Қаншама түрік тілдес ұлт өкілдерінің де бір үйдің адамдарындай тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқандығы баршамызды қуантады», деді жиналған қауым алдында сөз алған Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев.
Салтанатты кешке келген халық әртүрлі музыкалық асаптарда ойнаған музыканттар мен актерлердің өнерлеріне тәнті болды. Арбаттың атмосферасын көрсететін әлемдік, қазақстандық авторлардың музыкалық шығармалары, струнный квартет және саксофанист, күйші домбырашылар, Абайдың өлеңдерін, Қожа Ахмет Ясауидың хикметтерін оқып отырған актерлер, сурет салып отырған суретші мен ақ жаулықты әжелерге дейін осы салтанатты кештің ажарын ашты. Жобаның құны – 99293,0 мың теңге. Жалпы аумағы – 0,15 га, абаттандыру жұмыстарын жүргізу үшін жері тегістеліп, бетон қабаты құйылды және 2600 м2 гранит тас төселді. Сонымен қатар 145х10 метр металлоконструкциялық ферма (аспалы метал құрастырылым) қойылып, түрлі — түсті шамдармен жарақтандырылған.
Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі