Хабибтің жарнамада жасағанын жасама, айтқанына алданба…
Брендке айналған энергетикалық сусындар көбейді. Адамдар өзімізге зиянға қатты құмар келіп, керегінен қашып жүретініміз өкінішті. «Пайдалы» сусындарды көп адамдар баста қызығып шаршауды басуға ішіп көреді. Кейіннен сусынға тәуелділігі пайда болып, іздеп, өзін тоқтата алмай жүреді. Бұл жағдайларға жастарымыз көп дұшар болып жатыр. «Көрген шөпті елемеу – көзге зиян» демекші, демалып жатқан ауамыз да зиян деп «ақылды» болудың қажеті жоқ-ау. Ал ақыл тоқтатқан аға буынның өзі энергетикалық сусындарды көп ішіп жүргені жасырын емес. Бұл мақалада денсаулыққа «зияны жоқ» деп жүрген сусындарға қысқаша тоқтала кетсек.
Энергетикалық сусындардың арасында сатылымы көптер: 1.Red Bull 2. Monster 3. Rockstar Zero Carb 4. Eastroc Super Drink 5. Hi-Tiger 6. Lucozade 7. NOS 8. Oronamin 9. Burn 10. Adrenalin Rush. АҚШ-да 2018 жылы $11 миллиардқа энергетикалық сусындар сатылған екен. Бұл бір елдің көрсеткіші. Қаншама адамдардың денсаулығы зиян шеккенін ескерсек, мақтануға тұрарлық жағдай емес. Оның ішінде: $4,7 миллиарды – Red Bull, $4,1 млрд. – Monster. Қалғандарының табысы бұл екеуінің қасына жолай алмайтын көрінеді.
Әлем бойынша танымалдылығы артып келе жатқан Gorilla Energy-дің де тұтынушылары көбейіп келеді. Бұл мықты сусынды жарнамалап жатқан жұлдыздар да көп. Оның ішінде UFC чемпионы дагестандық Хабиб Нурмагомедовты айта кеткен жөн. Нурмагамедов 2018 жылдың қыркүйек айында Gorilla Energy компаниясының келбетіне айналып, $1 миллионға келісім-шарт жасасқан болатын. Өкінішті. Жас фанаттары көп танымал спортышының энергетикалық сусынның үлкен сұранысқа ие болуына өз үлесін қосып та жатыр. Пайдасы жоқ заттар жарнамада керемет көрсетіледі ғой. Қазір Қазақстанда да «Gorilla Energy» ересектер мен жастар арасында үлкен сұранысқа ие.
Ағылшындық 21 жасар Винни Пинер есімді жас бала төрт айдың ішінде энергетикке әуестенемін деп 24 тісінен айырылып отыр. Тәтті судың кесірінен аузына толықтай «протез» салуға тура келген. Таңын энергетика ішумен бастап, кешін де солай аяқтап жүрген жігіт аптасына 45 банкаға дейін ішуге жеткен. Бұнысын көрген анасы баласының денсаулығына қатты уайымдай бастаған. Көп ұзамай Винни алма жеймін деп, алдыңғы төрт тісін сынырып алады. Тіс дәрігеріне барып көрінген баланың 24 тісін пломбалау керек болған. Виннидің жеткен «жетістігі» – тісіне 1 000 000 теңгенің соммасын төлеумен аяқталған. Денесінің ішкі құрылыстарын айтпағанда.
Жұмыссыз жүрген жас Винниге бұл жаңалық жанына қатты батқан көрінеді. Ол тісінен де, өзінің жігерлігінен де айырылып қалған.
Барлық энергетикалық сусындардың құрамы біркелкі келеді. Құрамында B,D-витаминдері бар екен деп алданып жүргендер де бар. В,D-витаминдерімен қосып, қант пен кофеинді «өлгенше» жұтып жіберетініне шаруасы жоқ. 250 граммдық энергетикалық суындарда кемі 56 грамм қант (8-9 кіші қасық), 75 грамм кофеин (екі кесе кофе). Таурин дегеннің 1000 мг.–мы энергетикалық сусындардың орташасында-ақ кездеседі. Басқа да «пайдалы» химиялық заттар көп кездеседі. Ең негізгі зиян келтіретіндері – қант пен кофеин.
Жастардың арасында кең тараған энергетикалық сусынның зияны туралы көп айтудың қажеті шамалы. Кейде «ой, пайдасы көп» деп санайтын заттырдың кері жағын білмей жатамыз. Бір танысың айтқан «жаңалықты» жанымызға байлап алатын адами әдетіміз де зиянын әкеліп жатады. Тұмау басталмай жатып лимон, пияз, бұрыш қосылған 100 грамм арақты, бір «кружка» жылы пивоны тартып жібергенді жөн санайтын санасыз саналар да көп. Көпті білгеннен сұрауға құмармыз. Көпті көргенді тыңдағымыз келмейді. Тақырып энергетикалық сусындар жайлы болғандықтан, ащы арақтың аңыз «пайдасы» жайлы келесі жолы жаза жатармыз.
«ЭНЕРГИЯНЫҢ ЭФФЕКТІСІ» ҚАЙДАН ПАЙДА БОЛАДЫ?
Энергетик сусын – адамның ішкі құрылыс мүшелерінде сақталған күштерден энергия алады. Адамдағы барлық энергетикалық күштерді пайдалана отырып, энергетикалық сусындар бір сағаттың ішінде толық күш-қуаттыңызды азайтып, сізді бастапқыдан да әлсіретіп тастайды. Яғни, ішікенге дейін (ары кетсе 1 сағат күшті боласыз) болған күшіңізден түк те қалмайды. Себебі, денеңіздегі айналымның заңды құблысы бұзылады. Сүрінгенге жұдырық болмақ.
Энергетикалық сусында углевод бар. Бірақ, кофеиннің кесірінен метоболизм жылдамырақ жүреді. Осы аралықта басқа да углеводы бар тағамдарды пайдаланбайтын болсаңыз (Әрине пайдаланбайсыз. Қантқа тойып тұрсыз.), тек сіздің ғана энергияңыз жұмсалып, екі-төрт есе жыламдықпен шаршай бастайсыз. Көлікті айдағанда газды жәй және қатты басып жүргенде екі түрлі жанармай шығыны болады. Сол секілді адам энергетикалық сусынды ішкеннен соң, ары барса бір сағат «бодрый» бола алады. Кейін өзіңізге тіпті қиынға соғады. Жоспарланған күшіңіздің тез бітуіне баланысты шамаңыз келмей құлауға дейін барасыз.
Сонымен, энергетикалық сусынды пайдалуда өте сақ болған жөн. Бұл сусындардың адамның ішкі құрылысына зақымдай отырып, сіздің ұйықы сұрауыңызға да көмегі шамалы. Күш шақыруға, ұйықысыраудан арылуға бір кесе жақсы кофе (кофеині аз болады) дайындап ішкеніңіз абзалдау. Әрине, кофені де түк көрмегендей іше берудің қажеті жоқ.
Спортшылар да жарнама жасап, ішіп жүр ғой деген сұрақ пайда болады. Ол кісілер қай кезде пайдалану керектігін анық біледі. Тіпті, сол спортшылар біз көрмейтін уақытында мүлдем пайдаланбайтынына 100 пайыз сенімдімін. Жарнамаға түсу барысында ғана «удан» 1 грамм жұтқанынан денсаулығына келіп-кетер зияны шамалы. Ішкен күннің өзінде, бір жаттығуында-ақ денесінен шығарып тастайды. Ал, компьютерде ойын ойнап, мүлдем қозғалыссыз отыратын жастарымыз өз-өздеріне «шұңқыр» қазып жатады. Қимылсыз денеге энергетикалық сусын жақсы сіңіп, қысқа уақытта әлсіретіп, тістерін түледей түсіріп береді. Көптеген таныстарыңыздың басынан өткен оқиғалары аз емес. Өздеріңіз білетін достарыңыз горилла, редбул, диззи, монстр ішіп ауруханадан бір-ақ шығуда.
Еліміздің жастарының көпшілігі энергетикалық сусындарға әуестенуі жақсы жағдай емес. Ақ пен қараны әлі ажырата алмайтын жастарымызға ата-ана мен аға-әпкелеріміз дұрыс кеңес бере білуіміз керек. Пайдасы барды насихаттап, зиянды заттардан аулақ ұстасақ болғаны. «Дені судың – жаны сау». Жастарымыздың жанын саулыққа үйреткеніміз дұрыс.
А.Түйетаев