Жыл өткен сайын Шымкент қаласында жаңа мөлекадандар пайдап болуда. Қала әкімі Ерлан Айтаханов Шымкенттегі шалғай аудандардың жағдайымен танысып, қордаланған мәселелерді өз көзімен көріп, оларды шешу жұмыстарын жалғастыруда. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бүгін Шымкент әкімі әлеуметтік желідегі өзінің жеке аккаунтына қала тұрғындарынан түскен мәселелер бойынша «Тұран» шағын ауданына барды.
Жалпы, 8 мыңнан астам адам тұратын «Тұран» шағын ауданындағы жеке тұрғын үйлерге мемлекеттік ауыз су, табиғи газ, электр жарығы жүргізілмеген. Оған қоса аталмыш ауданда жол құрылысы мен қоғамдық көлік те түйіткіл мәселеге айналған.
Қала басшысы тұрғындардың мәселелерін барлығын дерлік тыңдап, өз көзімен барып көрді. Проблемалар рет-ретімен шешілетінін айтқан Ерлан Қуанышұлы өз кезегінде ең алдымен ауыз су мен жол салу мәселесін қарап, келесі жылдың бюджетіне толықтай енгізіп, түбегейлі шешетіндігін жеткізді. «Көтеріліп отырған проблеманың барлығы халықтың өмір сапасын жақсартуға негізделген. Алдымыз қыс екенін ескере отырып, оқушылардың мектепке барып-келуін арнайы қоғамдық көліктермен реттеуіміз қажет. Алдағы уақытта осындай келеңсіздіктер орын алмас үшін қажетті газ, су құбыры тартылып, электр энергиясы жеткізілген соң ғана жер беріліп, тұрғын үй салыну қажет» деді Е.Айтаханов.
Аралау қорытындысы бойынша шаһар басшысы тиісті басқармалар мен аудан әкімдігіне жұмысты жүйелі жүргізуді нақты тапсырды.