БҰЛ «ОҢТҮСТІКТАУ» МЕН «ЫРЫСТАУДЫҢ» ҰШЫ ҒАНА
«Оңтүстік» АИО» мен «Ырыс» МҚҰ» ЖШС-і мекемесінің басшылығы өңірлік жас кәсіпкерлерді алдауды қашан қоясыздар?
«Шыдамның да шегі бар». Арыс қаласының тумасы Шолпан Садықова есімді жас кәсіпкер ананың шыдамы мықты екен. 01.07.2019 жылы Арыс қаласындағы «Гауһар тас» тойханасында өткен кәсіпкерлер жинында «Жас кәсіпкер» бағдарламасы бойынша табысталған 2 млн. теңгенің сертификатын әлі құшақтап жүр. «Ырыс» микроқаржы ұйымы арқылы берілуі тиіс екі миллион теңге былай тұрсын, екі тиын да ала алмаған.
«Ырыс» МҚҰ» ЖШС-нің директоры Данияр Арынғазин мырза бұл көзбояушылық қашанғы жалғасады? Бұл мекемеде кеше ғана жұмыс жасап кеткендіктен, талай былықтардың бетін ашуға ұят пен сыйластық жібермей жүр. Тек өздеріңіздің қарабастарыңызды ғана ойлап, халыққа тамшылап ағып тұрған қаржыны да жұтып қойғандарыңыз шектен шыққандық. «Ішкен құдығыңа түкірме» демей ме? Халықтың ақысы тұрғанда түкірмек түгілі, ластанған құдыққа тас тастауға дайынмын. Қасыңыздағы екі орынбасарларыңызға сөзіңіз өтпей жүргені аз еді, үшіншісін қосып алғаныңыз құтты болсын. Енді төрт басты «аждаһар» болып, жақсы жұмыс жасайды дегенге сену қиын. Бұл бөлек әңгіме.
Өтірік сертификат алған Арыс қаласының тұрғыны Шолпан Садықова екінші топтағы мүгедек екен. Бір баласы бар. Сіздер берген өтірік сертификатты қашанғы құшақтап жүре береді? Шілдеден бері қараша айына дейін бес ай өтті. Тағы қанша ай, жылдар күтсін? Қолына жариялық түрде екі миллионның сертификатын табасытап, қаржы жоқ деп қалай айтасыздар? Шын кәсіппен айналысатын кәсіпкерлерге бермей, не нақты бизнес жоспары жоқ, кәсіппен айналысуға «желаниясы» жоқтарға беруді тоқтатыңыздар. Және де «Оңтүстік» АИО» ЖШС-нің төрағасы қызметінен кеткен Қуаныш Бәйтөре мырзаға сәлем жеткізе барыңыз. Көзбен көрген «мықты» жұмыстар осы кісіден басталады. Бұған да нақты фактілермен тоқтауға уақыт келер.
«Оңтүстік» АИО» ЖШС-нің қазіргі төрағасы Сарыбаев Нармұхан мырза арбаның алдыңғы дөңгелектері қалай жүрсе, артқы дөңгелектер сол ізбен жүретінін біледі деген ойдамын. Сіздер де толық төрт дөңгелекті арбаға айналып (үш орынбасары бар), арттарыңыздағы арбадағы қызметкерлерді сол ізбен сүйреп келесіздер. Артқы арба басқа жолмен жүре де алмайтыны анық. Жоғарыдан берілген тапсырмаларды қарапайым қызметкерлер орындаудан басқа амал жоқ. «Балық басынан шіриді, астынан тазаланатын» болғандықтан, мекеменің қазіргі жағдайын іштей жақсы білем. Оны айтуға ұятым жебермесе, екіншіден оны айтқанымен ешқандай өзгеріс болмайтынына көзім жетіп отыр. Бес жыл бұрын болары болып, бояуы сіңіп кеткен.
Түркістан облысының әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев өзінің өтірік сертификат бергенін білмесе де керек. Мырзалиев табыстаған екі миллиондық «Жас кәсіпкер», «Кәсіпкер ана» сертификаттары аясында ақшаны алғандар бар. Алғандардың арасынан «төбелесіп» жүріп, несиеге қол жеткізген жас кәсіпкерлерді жақсы білем. Бүгін Арыстан арызданып отырған бір ғана алданған азамат. Басқалар да болған, бар ба болар. Сертификаты бар «миллионерлер» алдағы уақытта әлі де шығып қалар.
Мейіржан Мырзалиев сіздің абыройыңызға тікелей нұқсан келтірген «Ырыс» мекемесінің басшылығына қатаң шара қаралады деген ойдамын. Және де жас кәсіпкер Шолпан қарындасқа тиісті екі миллион теңге ертерек берілгені дұрыс. «Сертифкатқа» сеніп, кәсіп ашуы созылып кеткен жас кәсіпкердің жалға алған орыны бар көрінеді. Бұл мәселеге де мән берген жөн.
Асылбек Түйетаев