Парламент Сенатының депутаты Нұрлан Бекназаров Қазақстан Республикасының делегациясы құрамында Оман Мемлекеттік кеңесінің Төрағасы Яхия бен әл-Манзеридің шақыруы бойынша Оман сұлтанатында сапарда болды.
Бұл Парламент депутаттарының Қазақстан мен Оман арасындағы осы деңгейдегі алғашқы сапары болып отыр.
Сапар аясында Мемлекеттік кеңестің Төрағасы Яхия бен Манзеримен, оның орынбасары шейх әл-Хатаб әл-Ханаимен, Консультативтік кеңестің төрағасы шейх Халид әл-Мауалимен кездесулер болды, сондай-ақ Сұлтан Кабус университетінің ректорымен де жүздесу жоспарда бар.
Кездесу барысында екіжақты қарым-қатынастар, оның ішінде парламентаралық ынтымақтастықты нығайту, сауда-экономикалық байланыстар мен халықаралық туризмді кеңейту мәселелері бойынша пікір алмасылды.
Тараптар туризм екіжақты ынтымақтастықтың келешегі зор бағыты болып табылатынын, оған виза тәртібін жеңілдету және Алматы мен Маскат қалалары (Оман астанасы) арасында тікелей рейс ашу ықпал ететінін атап өтті. Ол екі елдің туристік мүмкіндіктерін пайдалану ғана емес, сонымен қатар іскерлік белсенділікті дамытуға да серпін береді.
Оман сұлтанаты Қазақстанмен саяси және экономикалық өзара тығыз байланыс орнатқан алғашқы араб мемлекеттерінің қатарында болды. Қазіргі кезде Оманның біздің елімізге, әсіресе энергетикалық секторға қатысы тиімді жалғасып келеді. Тараптар мұнай-газ саласындағы бірлескен жобаларды дамыту үстінде.
Парламентаралық байланыстарды нығайту екі ел арасындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге ықпал ететін болады.