Қалада тұрсам да, далада тұрсам да экология мәселесіне қатты мән беретін болдым. Экология деген сөзді естісем ойымды қорқыныш, үрей билеп алады. «Экологиялық апат», «экологиялық зиянды өнімдер» деген сөз тіркестерін қазіргі заманда жиі еститін болдық. Әлемдегі осы саладағы орын алып жатқан әртүрлі оқиғаларды еске алсаң, төбе шашың тік тұрып кетеді. Ақырзаман келіп қалғандай сезінесің.

Экология дегеніміз жер бетіндегі өмір сүріп жатқан адамзатты қауіп-қатерден қорғау шығар деп те ойлаймын.

Кез келген қалада экологияның нашарлауын ауаның ластануынан байқауға болады. Ауаның ластануы тұрғындардың өмірі мен денсаулығына өте қауіпті. Тұрғындар лас ауамен тыныстанса, аса қатерлі өкпе ауруына, жүрек сырқатына, басқа да түрлі ауруға ұшырайтынын ғалымдар әлдеқашан анықтап қойған.

Осыдан үш-төрт жыл бұрын өзім тұрып, өмір сүріп жатқан Шымкент қаласы лас ауа жұтудан ластану индексі 8,6 пункт болып, алдыңғы тізімде тұрған. Әсем деген Алматы қаласы 11,5 пунктпен көш бастаған еді. Сол кездегі мамандардың мәліметіне сүйенсек, мұндағы өндіріс ошақтарының жылына 44 мың тонна залалды қалдық шығаратыны анықталған (бұл 2011 жыл). Жарты миллионға жуық автокөліктен 130 мың тоннаға жуық зиянды зат ауаға сіңеді екен. Одан кейінгі жылдары бұл көрсеткіш ұлғаймаса, азаймағаны рас қой, ағайын. Көліктер саны көбейіп, өндіріс ошақтарының да қатары көбейді емес пе?

Қорғасын зауытынан шығатын өндіріс қалдықтарының құрамында адам денсаулығына өте қауіпті мышьяк, ауыр металдар мен ауаға тарайтын шаң-тозаңдар бар екен. Адамдардың қан құрамын бұзып, жүйке жүйесіне салмақ түсіретінін профессор Құрманбек Тәжмахбетұлы өз зерттеулерімен дәлелдеп берген. Шымкент ауасының 80 пайызы «формальдегид» деген улы қоспадан тұратынын да айтқан.

Осы лас ауа және экология жайлы мәліметтерді білген соң, қайда қашарыңды да білмейсің. Тек ауасы таза деген мөлтек аудандарға қоныс аударуға тырысасың. Храпунов сияқты Швейцарияға бар дүниеңді тікұшаққа артып, кетіп қалатын мүмкіндігің болмаған соң, ойланасың. Ол қол жетпейтін арман болған соң, туған жердің топырағында аунап – қунап, Жерұйықты іздеп, қобызын қолынан тастамайтын Қорқыттың күйін әрбір пенде бастан кешетін сияқты. «Қайда барсаң да Қорқыттың көрі» деген рас-ау.

Өз басымнан кешкен оқиғаны айтып берсем де түсінікті болар. Осы «экологиялық зиян» деген үрейді басыма кіргізіп алып, қала ішінен таза ауасы бар мекен іздеп, шыр көбелек айналып, жүйкемді жұқартқаным есімнен кетпейді.

Темір жол вокзалының тура түбіне тақалып салынған көпқабатты үйлерден пәтер алғанымда, бөркімді аспанға атып қатты қуанғанмын. Әсіресе, үйдегі жұбайымның төбесі көкке бір елі жетпей қалған. Жетпей қалғаны дұрыс болған екен. Жақсы жабдықталған пәтерді көрсе кез келгеннің басы айналып, есін жоғалтатыны рас. Менің де жұбайым сондай күй кешті. Уақыт өте келе пойыздардың гүрсілі мен тура терезенің тұсындағы арлы-берлі зулайтын көліктерден тұрақты шығатын көк түтінінен бас айналып, жүйке жұқара бастады. Терезенің жақтауын ашсаң, жағымсыз иіс мұрныңды жарады. Содан мазам кете бастады. Әсіресе, тұңғыш немерем Даяна дүниеге келгенде түнімен «экология» деген тажал көз алдыма елестеп, мазам кетіп, ұйықтай алмайтын күй кештім. Содан пәтерімді жарты бағасына сатып, көшіп кетуіме тура келді. Аяқ астында, ойламаған жерден қаржымнан айырылғанда, пенде болған соң өзекті өртеген өкініш болды. Суы төгілсе, түрі бозаратын пенделер де бар ғой өмірде. Бірақ отбасым мен немерем, денсаулық үшін сол кезде тәуекел еткеніме тап қазір қатты қуанып жүрмін. Алла да осы пендемді ренжітпей-ақ қояйыншы дегендей мені қолдап, теңгені сол тұста адам сенгісіз құнсыздандырып жіберді емес пе?.

Бұдан соң Тассай деген мөлтек ауданға көшіп барып, отбасыммен көп тұрақтай алмадым. Бұл маңайдан да Сейітжанов деген магнаттың алып үлкен цемент зауыты салынып кетті. «Мына жерде тұра берсеңіз, үйіңізді де сата алмайсыз. Цемент зауыты салынған, күндіз-түні бір тынбай зырлап өтетін пойыздары бар аймаққа кім көшіп келеді? – деп, бір әріптесім «экология тажалы» туралы лециясын оқып, тағы шошытты. Ол «лекция» оқымаса да, цемент зауытының пайдасынан зияны көп екенін өз басым іштей сезіп, ол маңнан тағы да көшіп кетуіме тура келді. Көшуіме осы «экология тажалы» деген үрей себеп болды. Амалдың жоқтығынан арзан бағаға үй сатып, қаржымыздан айырылсақ та, өмірдегі ұлы байлық – денсаулықты қорғап қалғанымызға отбасымызбен бірге шын қуанып жүрміз. Бас аман болса, бөрік табылар дейміз.

Қазақ жерінде табиғаты сұлу, экологиясы жақсы аймақтар көп. Осыдан біраз жыл бұрын қызғалдақ елі Голландиядан оңтүстік өңірі Қазығұрт ауданының суармалы жеріне жаңа технологиямен картоп егуге бір топ мамандар келеді. Сонда бір голландиялық азамат аспаннан қалықтап ұшып келіп, жерге топ-тобымен қонып жатқан құстарды көріп: «Сіздерде экология өте тамаша екен!» деп, таңдай қағып, тамсанған екен. Қазақ жерінде шетелдіктерді қызықтыратын табиғаты керемет жерлер көп қой.

Экологиялық нашар аймақта тұрғандарға жалақыларына қоса үстеме ақы берілетінін және де әртүрлі материалдық қолдаулар жасайтынын ел-жұрт жақсы біледі. Сондықтан маған мемлекеттің өзі басты байлығы – адам өмірін қорғау емес, табыс табу, зиянды өндіріс ошақтарын жандандыруға мүдделі сияқты болып көрінеді. Мәселен, арақ пен темекінің адам денсаулығына, өміріне өте қауіпті екенін бәріміз жақсы білеміз. Арақ ішкен адамдардың ауыр қылмыстар жасайтыны белгілі. Адам өлтіру, қыз зорлау, мас күйде көлік рөліне отырып, ондаған адамдардың өмірін қиып жатады. Ал, темекі шегу өкпе рагын тудырып, жүрек қантамырларын әлсіретіп, адам өмірін қысқартатыны ғылыми дәлелденген. «Темекі шегу – адам өміріне қауіпті!» деген жарнамалармен дүкен сөрелерінде сан алуан түрі самсап тұр. Қаншасын алсаң да, сатыла береді. Біз айтқандай зиянды өнімдер болса, мемлекет неге оны өндіруді тоқтатып тастамайды? Себебі, бюджеттің кірісі осы осы тауарлардың сатылу есебімен толығып тұрады. Кеңестер одағы кезінде маскүнемдікпен күресеміз дейтін Горбачевтың қайта құру саясатында СССР деген алып мемлекетте ашаршылық орнай жаздаған. Нан, қант, азық-түлік қатаң талонмен берілді. Осы тауарлардың сатылмауынан бюджеттің кіріс бөлігінде тоқырау болып, табыс азайды. Жүзім алқаптары жойылып, ішімдіктің бір түрі – самогон жасау жаппай етек алып, дүрбелең болды.

Ағзамызды ауа ғана емес, лас су да улайды. Оны кәдеге жарату үшін, арнайы химиялық әдістер қажет екенін әрқайсымыз біле де бермейміз. Ауыз суымызды тазартуға хлор, квасцы (алюминийдің, хром немесе темірдің басқа да сілтілік металдардың екі еселенген күкірт қышқылды тұзы) тәрізді органикалық емес заттар қолданылады. Ал, біздің ағзамыз тек органикалық заттарды сіңіреді.

Адамның қайраты қайта бастаса, органикалық емес заттардың көпшілігі дене талшықтарында қордаланып, ағзаға күндердің күнінде орны толмас опық жегізеді.

Қазірде өзен, көл мен бұлағымыз былғаныш басқан. Химиялық умен уланған жерде тірі жәндіктің көзі жойылады. Оған бас ауыртып жатқан ешкім жоқ.

Күнделікті тұтынып жүрген азық-түліктеріміз үсті-үстіне улы пестицидтермен өңделеді. Елімізде саудаланатын көкөніс, тамақ өнімдері толық тексеріле бермейді. Көзбояушылық орын алған.

Дастарханымызға қойылатын ауыл шаруашылығы өнімінің көпшілігі хлорлы көміртегімен, ДДТ және фосфор қосындыларымен, басқа да умен бүркелетіні – кісі шошырлық шындық. Бүрку кезінде өсімдіктің тек жер бетіндегі бөлігі уланып қоймайды. Топыраққа түскен ДДТ мен басқа да химикаттардың көптеген ай бойы сақталып, осы алқапта қайта егілген егінге де әсер ететінін медицина қызметкерлері дәлелдеп берді. У жоғары көтеріліп, өсімдіктің жемісіне де жетеді. Сөйтіп өсімдіктің құрамды бөлігіне айналады да, сыртқа шықпайды. Қызанның қабығын ашу арқылы уынан құтыламыз десеңіз, оныңыз бос әурешілік. Әрине, қабықты сыпырумен аздаған қауіптен құтыласыз. Бірақ, у жемістің ішкі әрбір тінінде жатыр. Асты әзірлеу барысында у ыдырамай, қайнаған соң да у күйінде қалады, – деген болатын өмірді ұзарту жөніндегі әлемге танымал маман Поль Брэгг.

Тап қазір біздің қауын-қарбыздарымыз бен көкөністеріміз осындай жолмен өндіріліп жатқаны баршамызға белгілі. Сондықтан, бала кездегі ауызға тиген көкөністермен қазіргі өнімдердің сапасын салыстыруға мүлдем келмейді. Қазір бәрі улы.

Соңғы жылдары Қазақстанның барлық сауда нүктелерін түгелге жуық Қытай тауарлары жаулап алды. Кез келген базарға барып жеміс-жидек сататын қатарларды араласаңыз Қытай өнімдері сап түзеп тұрады.

Бұл жайында кезінде ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты болған, қоғам қайраткері, ақын Мұхтар Шаханов Парламентте депутаттар алдында осы мәселені былай түсіндірген:
Мұның екі үлкен себебі бар. Біріншіден, Қытай өнімдері өте арзан… Екіншіден, ол өнімдер Қырғыстаннан, Өзбекстаннан, Тәжікстаннан жеткізілген жемістердей тез бұзылып немесе шіріп кетпейді, құрт та жемейді. Себебі оларды (ғалымдардың айтуынша) қытайлар мөлшерден тыс биоқосындылармен булайтын көрінеді. Сондықтан да буланған жемістер өңін жоғалтпай, сағағынан дәл бүгін үзілгендей жайнап тұра береді. Адам денсаулығына мұның тигізер залалы қанша? Бұған Денсаулық сақтау министрлігі мүлдем назар аударған емес. Әрине, кеденнен өткізерде, тіпті базарға сатарда да жеміс-жидектерден формальді түрде анализ алынатынын жоққа шығаруға болмас. Бірақ, бүгінгі таңда еліміздің барлық саласын парақорлық індеті шарпыды. Ал, сауда саласынан айналып өтем деу – сүттен балық аулаймын деп әлектенгендей абыройсыз іс…

Білікті медицина мамандарының айтуына қарағанда, кейінгі жылдары Қазақстанда әлі диагнозы табылмаған жаңа аллергиялық аурулар пайда болған. Баз бір сауда алпауыттары үшін шамадан тыс биоқоспалар ендірілген Қытай жемістерінің жоғарыда айтылған ауруларды қоздырғыш күшке айналғанын мойындау мүлдем тиімсіз… Кейбір елдер жеміс тағамдарына биоқоспаларды шектен тыс ендіру жас ұрпақ ағзасының нашарлауына, шамадан тыс семіру, қант диабеті, өкпе қабыну, бауыр, ішек және әйелдердің бала көтере алмау секілді ауруларға бастайтынын дәлелдеп, бұл проблемалардан шығудың нақты жолдарын белгілеген.

Осы мәселе төңірегінде Қазақстан Тамақтану Академиясының президенті, бір кезде республикамыздың Денсаулық сауқтау министрі болған, академик Төрегелді Шармановтың пікірін сұрағанымызда, ол кезінде Қытайдан елімізге әкелініп жатқан күріштен де, еркектер таласа ішетін сырадан да мышьяктің табылғанын, тіпті балалардың ойыншығы мен мақта-мата өнімдерінен де денсаулыққа кері әсер ететін улы заттар қоспасы шыққанын, өкінішке қарай мұның бәрін тиісті орындардың барлығы назардан тыс қалдырғанын ескертті…

… Ең сорақысы, әлі күнге дейін түбегейлі тексеруден өтпеген, биоқоспалы қытай жемістері мен көкөністерін, ойыншықтарын тікелей республикамыздың балабақшаларына жеткізіп тұру ісі жүйелі түрде жолға қойылған .., – деп, сол кезде Парламент Мәжілісінің депутаты Мұхтар Шаханов шырылдаған екен.

Бұл экологиялық зиянды өнімдерді пайдалану мемлекетіміздің болашағына балта шабатыны шындық. Әрбір отбасы өз денсаулығын өзі қорғауға міндетті болып қалды. Біз өз отбасымызбен экологиялық зиянды өнімдерді мүлдем пайдаланбауға тырысамыз. «Сақтансаң ,Құдай сақтаймын» деген ғой.

Banner Content

0 Comments

Leave a Comment

This is a Sidebar position. Add your widgets in this position using Default Sidebar or a custom sidebar.