Бүгін Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің бастамасымен Отырар ауданының жастары арасында «Ақынның қаламы — адалдық алаңы» атты облыстық жас ақындар айтысы өтті.
Талай тау тұлғалар мен сөз зергерлерін тудырған Отырар топырағындағы жас өскіндер айтысында 10 өрен бақ сынады.
Қазақтың қара сөзі ұйқаспен өрілетін өнегелі шараға ҚР жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілі Арман Бердалин, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Ғанижан Асанұлы, аудан әкімінің орынбасары Рыскелді Әліш арнайы қатысты.
Сөзден маржан терген суырып салма жас ақындарға айтыс өнерінің ақтангері Әселхан Қалыбекова бастаған әділ қазылар алқасы төрелік етті.
Ауданымыздың шежірелі тарихы мен тұлғалы перзенттерін жырға қосқан жас шайырлардың өнері көрермендердің көңілінен шығып, көпшілікке терең ой салды.
Айтыс қорытындысы бойынша бас жүлдеге Шымкенттік Нұртілеу Төленбек ие болса, бірінші орын жергілікті жас ақын Сұлтан Сәуірханға бұйырды. Екінші орынға Болат Тәңірберді мен Болысбек Даниал қол жеткізсе, үздік үштіктен Есмырза Ахмет пен Расул Баянбай көрінді.
Шара соңында ұлылар отаны атанған Отырарды жырға қосып, көне тарих беттерінен жас та болса күмбірлете сыр шерткен барлық қатысушы ақындарға ынталандыру сыйлығы табысталды.