«Тақ пен табытта ие болмайды» деген қанатты сөзді жиі қайталауымызға тура келеді. Саясат сахнасында, биліктің ауыс-түйістерінде аумалы-төкпелі кезеңдер көп болады. Біреу өседі, біреу өшеді.
Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысы деген атау да жойылып, Түркістан атанған жаңа облысқа да ой-санамыз үйреніп қалды.
Біз өмір сүрген аймақта талай облыс басшылары келіп, талай қала әкімдері де ауысып жатыр. Бұл өмір заңдылығы да шығар. Айтпағымыз бұл емес. Кезінде санаулы жылдар әр ауданда әкімдік тақта отырып, ойда жоқта жоғалтып алған арамызда шенеуніктеріміз бар. Соның бірі — қызметтегі өсу жолын комсомол комитетінен бастаған Әбдібақыт Мақұлбаев. Ол осы өңірдегі Қазығұрт, Сарыағаш (бұл ауданда екі рет таққа отырды) аудандарында әкім болып қызмет істеді. Бірнеше басқармаларды басқарды. Соңғы қызметі — Кентау қаласының әкімі болды. Бұл бұрынғы облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың кезінде қызметтен кетіп, атқарушы биліктің төріне қайта оралмай кетті. Білімді, білікті басшылардың бірі еді.Түймебаевқа неге жақпай қалғанын білмейміз…
Қазығұрт пен Шардара аудандарында қызмет жасаған Болатбек Қыстауов та билік сахнасынан көрінбей кетті. Сондай-ақ ол ОҚО «Нұр Отан» партиясы филиалының бірінші орынбасары сынды қызметті де абыроймен атқарған еді. Салмақты, сабырлы үлкен істерді үндемей тындырып жүрген әкімдердің қатарында болатын.
Жансейіт Түймебаевтың кезінде Сайрам ауданына тосынынан әкім боп тағайындалған Бақтияр Мамаевтың Түркістан облысына Өмірзақ Шөкеев әкім болып келген соң, аттан ауып түскені ешкім жаңалық болмай қалды. Онысыз да талай әкімдердің креслосы сықырлап кетті. Дегенмен Бақтияр Мамаев жастайынан атқарушы биліктің әр түрлі сатыларында қызмет жасап, ұзақ жылдар өз ауданында оншақты әкімнің орынбасары болып, тәжірибе жинақтаған, халықтың жағдайын жақсы білетін іскер кадрлардың бірі еді.
Бұрынғы әкім болған бұл азаматтар билікке қайта орала ма? Осы жағы бізге жұмбақ болып тұр…
Балтабек Түйетаев