Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Нұрғазы Бұқарбай №29 мектепте көпбалалы аналармен кездесіп, ақжаулылықтарды толғандырып жүрген сұрақтарға жауап берді.
Сондай-ақ ел Президенті жүктеген тапсырмаларға байланысты енгізіліп жатқан жаңалықтарды жете түсіндірді. Депутаттың 2019 жылы атқарған жұмыстар бойынша өткен есептік кездесуіне 90-ға жуық ана қатысты. Кездесуде Елбасының «Nur Otan» партиясының жаңа әлеуметтік бастамаларын жүзеге асыру, табысты көтеру және аз қамтылған азаматтарды қолдау, білім беру жөнінде ашық әңгіме болды. «Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халықпен ашық диалогты жалғастыру керек», деді. Мен жеке қабылдауыма келген азаматтардың мәселелерін тыңдап, оны шешуге көмектесемін. 2019 жылы «Nur Otan» партиясының қалалық филиалында, қалалық мәслихатта, жұмыс орнымда жалпы саны 44 рет қоғамдық қабылдау өткізіп, 100-ге жуық азаматтың жеке мәселесін тыңдап, олардың оңды шешілуіне ықпал еттім.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы халықтың табысын арттыру бойынша тұрақты тапсырма беріп отыр. «Nur Otan» партиясының фракциясы мәжілісінде халықтың тұрмыс деңгейін көтеру бойынша қаламыздағы барлық салалық басқарма басшыларына тапсырмалар беріп, оның орындалуын қадағалап отырамын. «Nur Otan» партиясының алдында тұрған міндеттерді сайлаушылардың ұсыныс-тілектерін жүзеге асыруда ауқымды жұмыстар атқару үшін жұмыс істеп келеміз. Депутаттар халықпен тығыз байланыста болуы тиіс», — деді Нұрғазы Бақтыбайұлы.
Еспті кездесуде үш ауысымды мектеп мәселесі, оқушылардың қауіпсіздігі, оқулықтың жетіспеушілігін реттеу жайы сөз болды.
Мәселенің мәніне үңілген депутат айтылған арыз-шағымдар бойынша жауапты мекемелерге депутаттық сауал жолдап, алдағы уақытта мәселенің оң шешім табатындығын жеткізді.