Шымкент қаласының әкімі Мұрат ӘЙТЕНОВ республикалық «Егемен Қазақстан» газетіне сұхбат беріп, «ТМД-ның мәдени астанасы» жылына орай жоспарларымен бөлісті.
— Шымкентте «ТМД-ның мәдени астанасы» жылына орай 34 іс-шара бекітілді. Ресми ашылуын 22 наурызға жоспарлап отырмыз. Ашылу салтанаты Шымкенттегі 18 мың адам сыятын Орталық стадионда өтпек. Бұдан бөлек, осы мерейлі шарамен орайластырып, қаламызда шоқтығы биік ірі шаралар ұйымдастырылмақ.
Атап айтсақ, ғұлама ойшыл әрі ғалым Әбу-Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына және кемеңгер ақынымыз Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай ғылыми конференциялар өткізуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ ТМД ЖОО-ның форумы, ТМД елдерінің опера және симфониялық оркестрлерінің фестивальдары, «Душа Евразий» фестивалі, шаттыққа толы түрлі гала-концерттер мерекенің ажарын арттыра түспек. Ұлы Жібек жолы дәстүрі қолөнер шеберлерінің көрмесі, ТМД елдері ұлттар циркінің өнерлері де көптің көңілінен шығады деген ойдамыз. Шымқаланың шырайына шырай қосатын басқа да іс-шараларды тамашалайтын боламыз.
Қысқасы, Шымкенттің бүгінгі келбетін, тұрғындарының ыстық ықыласын ТМД елдеріне жан-жақты паш етсек дейміз.