Шымкент қаласынан Мақтаарал ауданындағы су басқан елдімекендерге авариялық-құтқару қызметі үшін 30 арнайы техника жіберілді.
Ауданда төтенше жағдай орын алған алғашқы күннен Шымкент қаласынан арнайы техникалар көмекке жіберіле бастаған болатын.
![](https://q-content.kz/wp-content/uploads/2020/05/4e48ccb-1024x682.jpg)
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Алмасбек Мамытбековтың мәлімдеуінше, су тасқынынан зардап тартып отырған ауданға көмек мұнымен тоқтамайды және шаһардан жіберіліп жатқан көмек Мақтаарал ауданы әкімінің ұсынысына сәйкес қарастырылуда.
– Қазір Мақтаарал ауданының тұрғындарын эвакуациялау мақсатында Шымкент қаласы тарапынан жіберілген 10 арнайы техника жұмыс істеуде. Бүгін ауданға көмекке аттанған 30 арнайы көлік те авариялық-құтқару жұмыстарына жұмылдырылады, – деді Алмасбек Кеңесбекұлы.
Айта кетейік, күні кеше Мақтаарал ауданында авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін Шымкент қаласы ТЖ департаментінің «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінің жеке құрамынан 12 адам және 4 техника, 2 су құралы, 4 мотопомпа, сондай-ақ аталған мекемеге тиесілі Шардара қаласында орналасқан жедел-құтқару жасағының 5 қызметкері мен 1 техникасы, 2 су құралы тез арада көмекке аттанған болатын.
Сондай-ақ оқиға орнында Шымкент қаласының ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің командалық-штабтық автокөлігі де жұмылдырылған.