ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Шымкент қаласындағы 40 майдангерге Ұлы Жеңістің 75 жылдығы арнайы медалі мен құттықтау хаты табысталды. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мереке қарсаңында қала әкімі Мұрат Әйтенов ҰОС ардагері Сәрсен Әбдінұровтың үйіне барып, арнайы медалін тапсырып, ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.
Майдангер атамыз 1922 жылдың 22 желтоқсанында дүниеге келген. Соғыс жылдарында ол 368-шы, кейін 823-ші атқыштар полкінде қызмет етті. Кейіннен 1-ші Украина майданының құрамында шайқасып Берлинге дейін барған. Сұрапыл соғыс аяқталғаннан соң 1947 жылға дейін Германияда Совет Армиясы қатарында қызмет еткен.
Елге оралған соң почтада, мәдениет саласында басшылық лауазымда қызмет еткен. Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетін сырттай бітірген соң 1961-1971 жылдар аралығында Шымкент облыстық ішкі істер саласында жауапты қызметтер атқарды. 1971 жылдан құрметті еңбек демалысына шыққанша Шымкент қаласындағы еңбекке орналастыру басқармасында жауапты қызметте болған.
Соғыс жылдарында Сәрсен Әбдінұров ІІ дәрежелі « Ұлы Отан соғысы» орденімен, «1941-1945 ж.ж. Германияны жеңгені үшін», «Совет Одағының маршалы Г.К. Жуков» және басқа да медальдармен марапатталған.
Айта кетейік, Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай қаладағы ҰОС 40 ардагерінің әрбіріне Шымкент қаласының әкімдігі 1 миллион теңге көлемінде сыйақы береді.
Сондай-ақ, еріктілер жылы аясында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі #Игіістеруақыты бастамасын қолға алған болатын.
Осыған орай, Агенттіктің Шымкент қаласы бойынша департаментінің ұжымы Ұлы Отан соғысының ардагері Али Аскеровты Жеңістің 75 жылдығымен құттықтады.
Али Аскеров 1942-1948 жылдары Совет армиясы қатарында қызмет еткен. Сталинград майданында 65-ші бөлімшенің бас батальон командирі болып, жауға қарсы көптеген шайқастарға қатысты. Ардақты ардагерінің қазіргі таңда 4 баласы, 14 немересі, 24 шөбересі, 2 шөпшегі бар.
Іс-шара барысында ардагердің үйін сырлау, ағаштарын абаттандыру, әрлеу секілді бірқатар жұмыстар жасалып, қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етілді.