Түркістан облысының ДСБ ШЖҚ Облыстық клиникалық ауруханасы ММК бөлім меңгерушісі, 1 категориялы офтальмолог-дәрігері Шегай Александр Седововичті келе жатқан медицина қызметкерлерінің төл мерекесімен құттықтаймын.
Менің медицина саласында үздіксіз, адал қызмет етіп жүргеніме 38 жыл болыпты. Әрқашан да науқас жандарға, жүкті аналарға көмек беру үшін аянбай тер төгіп, қалтқысыз қызмет еттім. Соңғы кездері медициналық дезинфекциялық ерітінділер маған кері әсер ете бастады. Өз мамандығыма берілгенім соншалық, оны байқамай да қалыппын. Ауру аяқ асты демекші, жұмыс барысында көз жанарымды дезинфекциялық ерітінділермен зақымдап алдым. Көз жанарымның ауырғаны соншалық, көзімді ашарға дәрменім жетпей, аудандық емхана офтальмологына бардым. Одан ешқандай ем болмай, ауруым үдей түсті.
Түркістан облысының ДСБ ШЖҚ Облыстық клиникалық ауруханасының ММК консультативтік №3 емханасының офтальмологтары бес күн ем жүргізді. Олардан да нәтиже шықпай, жанарым көз алдымда сөніп қалды. Бір жағынан ойладым, бұл Алланың маған берген сынағы шығар деп. Алла маған кез келген сынақ берсе төземін, разымын, тек көзіммен сынамашы деп, күні-түні дұға еттім.
Марқұм әкем Әбдіәкім 20 жылдан астам уақыт жарық сәуле көре алмай, ұл-қыздарынның жүзін бір көрсем деп, армандап кеткен еді. Айналада не болып жатқаның, немерелерінің кімге ұқсайтынын бізден сұрап отыратын. Менде әкем сияқты «жарық сәулені көре алмай кетем бе?» деген ой санамнан кетпеді.
Он екінші сәуірде Түркістан облысының ДСБ ШЖҚ Облыстық клиникалық ауруханасы ММК 1 категориялы бөлім меңгерушісі офтальмолог-дәрігері Шегай Александр Седововичке ем қабылдауға бардым. Әке көрген оқ жонар демекші, әкесі де медициналық салада офтальмолог-дәрігер қызметін атқарған. Ұлты кәріс болса да, қазақ тіліне деген махаббаты патриоттық сезімімді оятты. Міне, осы дәрігер кейбір шала қазақтарға үлгі болса екен деймін. Дәрігер маған кешігіп, ең ауыр кезеңінде келгенімді түсіндіріп, дегенмен емдеймін деп, маған үміт отын сыйлады.
Үмітсіздік күйін кешіп едім мен,
Жарық сәуле жан дүниемді тербеген.
Енді қайтып көре алмайсын дегенде,
Үмітімді сол кезде-ақ үзген ем.
Неше түрлі дәрігерге жіберген,
Үмітсізден жылап та мен жібергем.
Аллахым сынақ берсе, берсін деп,
Жанарымды қайтаршы деп тілегем.
Неше түрлі ауруға да шыдаймын,
Күні-түні өзіңнен ем сұраймын.
Қанша сынақ жіберсе де разымын,
Көзімменен сынамашы, Құдайым.
Ең алдымен алғыс айтам Аллама,
Дәптер, қалам енді маған сыр-айна.
Ал, екінші алғысымды айтамын
Дәрігерім Александр Седовович Шегайға.
Осы бөлімде қызмет ететін 1 категориялы офтальмолог Махмудова Алия Кулмаханқызына және 1 категориялы мейірбике Конисова Индира Ермуратқызына да алғысым шексіз. Өз қызметтеріне адал еңбек етуде. Келе жатқан төл мерекелерімен құттықтап, жұмыстарына творчестволық табыс тілеймін.
Түркістан облысы, Қазығұрт аудандық орталық аурухана,
Тұрбат БМСККО жоғары санатты акушері