Шымкент қаласында полиция қызметкерлері, эпидемиологтар, әкімдік қызметкерлері БАҚ өкілдерімен бірге қызметі рұқсат етілген нысандарда санитарлық нормалардың сақталуын күнделікті тексеріп, рейдтер жүргізуде.
Қаратау ауданы бойынша аудан әкімі аппараты, тауарлар мен көрсетілетін қызметтер қауіпсіздігін бақылау басқармасы және жергілікті полиция қызметкерлерінен құрылған топ Сайрам тұрғын алабындағы сауда орындарында карантин режимі кезіндегі талаптардың сақталуын тексерді.
Зерделеу жұмыстарының нәтижесінде орталық көшеде орналасқан 2 базарға және 15 нысанға ескерту шаралары жасалынып, оның ішінде 3 хаттама толтырылды. Сондай-ақ, бір ретсіз саудамен айналысқан кәскепкерге шара қолданылып, ол сауда нүктесінің жұмысы тоқтатылды.
Бұл ретте, кәсіп нысандары санитарлық режимді сақтап, келушілерге үнемі бетперде мен қолғап, антисептикпен қамтамасыз етуде олқылық жібермеу қажет.
Еске сала кетсек, карантин талаптары мен ережелерін елемеген сауда орындары анықталатын болса, әкімшілік жауапқа тартылады.
Карантин режимі кезіндегі талаптардың сақталуын қадағалау мақсатында құрылған монитоингтік топ Шымкентте тексеру жұмыстарын үздіксіз жалғастыруда.
Әдеттегідей, мобильді топ мүшелері бүгін індеттен сақтану бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Кезекті мониторингтік тексеріс Абай ауданына қарасты А.Асқаров көшесі бойындағы кәсіпкерлік нысандарда жалғасты. Оған аудан әкімдігінің қызметкерлері және аудандық полиция кызметі, сондай-ақ аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер қауіпсіздігін бақылау басқармасы өкілдері БАҚ өкілдерімен бірлесіп тексері жұмыстарын жүргізді.
Нәтижесінде 29 нысанға ескерту беріліп, 7 айыппұл хаттамасы толтырылды, 1 компьютерлік клуб жабылды.
Атап өту қажет, Абай ауданында 426 дүкен, 152 қоғамдық тамақтану және 13 ірі сауда орны бар. Алдағы уақытта бұл 13 сауда орынның сатушылары төлем картаға өтеді.
Қазіргі таңда аталған ауданда арнайы төрт мобильдік топ жұмыс істеуде. Сондай-ақ, аудан аумағында дезинфекциялық шаралар жүргізілуде.
Ескертетін жайт, егер санитарлық нормаларды сақталынбай, карантин заңдылықтары бұзылса, 30 АЕК айыппұл салынады. Одан бөлек, хаттама сот ісіне де өтеді.
Еске сала кетсек, тексеру жұмыстары аудан аумағында күн сайын жүргізілетін болады.
Әл-Фараби ауданында арнайы мамандардан құралған мониторингтік топ күнделікті түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Мониторингтік топтың құрамында аудан әкімдігінің қызметкерлері және аудандық полиция кызметі, сондай-ақ аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер қауіпсіздігін бақылау басқармасы мамандары, БАҚ өкілдері бар.
Осындай кезекті мониторингтік тексеру ауданға қарасты Төле би көшесінің бойында орналасқан кәсіпкерлік нысандарға жүргізілді. Тексеріс барысында санитарлық талапты сақтамаған 4 базар мен 32 нысанға ескерту жасалды.
Сондай-ақ, қаулыға атүсті қараған бір дүңгіршек пен азық-түлік сататын дүкен жабылды. Тексеру жұмыстары аудан аумағында күнделікті жалғасуда.
Еске сала кетсек, Шымкент қаласының аумағында 2020 жылы 8 маусымынан бастап 2020 жылдың 22 маусымына дейін карантин және шектеу шаралары ұзартылған болатын. Шымкент қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес, COVID-19 індетінің тұрғындар арасында таралуына жол бермеу мақсатында карантиндік талаптарды қатаң сақтау керектігі, аса қажеттіліксіз қала аумағында қозғалу шектеуді, сауда-ойын орталықтарының, кешендерінің, сауда үйлерінің аумағында орналасқан кинотеатрлар, балалардың ойын алаңдарының, мұз алаңдарының, батут және фудкорттардың жұмысын бастауға жол берілмеу ескертілді.
Еңбекші ауданындағы кәсіпкерлік нысандарда халық арасында коронавирус инфекциясының алдын алу және таралуына жол бермеу мақсатында арнайы мониторингтік топ тексеру жүргізді.
Тексеру нәтижесінде мониторингтік топ тарапынан 34 коммерциялық құрылымға ескерту берілді. Сонымен қатар. Еңбекші аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы тарапынан карантин режимін бұзған 4 коммерциялық құрылымға хаттама толтырылды.
- Қаладағы эпидемиологиялық ахуал әзірге күрделі. Сондықтан да, барша қала тұрғындарын коронавирус инфекциясының таралуының алдын алуда зор жауапкершілік танытып, енгізілген шектеулерді қатаң сақтауға шақырамыз. Бұл — уақытша қиындық. Сондықтан сабыр сақтап, саналы түрде өз денсаулығымыз бен жақындарымыздың амандығы үшін жұмыла күресейік,- дейді мониторингтік топ өкілдері.
Қоғамдық орындарда санитарлық талаптарды сақтау маңызды. Егер сақталмаған жағдайда кәсіпкерлік нысанның жұмысын тоқтатуына тура келеді.