Шымкентте тұрғын үйлерді инженерлік ифрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында жалпы 30 нысан құрылысы жоспарланған. Бүгінгі таңда 17 нысанның құрылысы жүргізілуде.
Бұл жөнінде бүгін Шымкент қаласы әкімінің төрағалығымен өткен онлайн мәжілісте баяндалды.
Жиналыста сөз алған Құрылыс басқармасының басшысы Е.Ахметов «Шымкент сити» шағын ауданындағы 39 үйге инфрақұрылым тарту үшін 6 нысанда құрылыс жүріп жатқанын айтты.
—Мұнда тамыз айының соңында ауыз су, кәріз, жылу, газ және электр қуаты іске қосылады. Ал көгалдандыру жұмыстары қараша айында аяқталады, — деді ол.
Басқарма басшысының айтуы бойынша, Әкімшілік-іскерлік орталықта 8 үйдің инфрақұрылымы бойынша 2 нысанда жұмыс қарқынды түрде жүруде. Бүгінгі таңда жұмыстың 80 пайызы аяқталған. Ал, «Тұран» шағын ауданында 25, 26, 28 орамдағы көпқабатты тұрғын үйлерде құрылыс-монтаждау жұмыстары басталыпты. Желтоқсан айында аяқтау жоспаланған.
— Сонымен қатар «Бозарық» тұрғын үй алабына инфрақұрылым тарту үшін 5 нысанда құрылыс жұмыстары басталады. Мұндағы жұмыс келесі жылы аяқталады, — деді Е.Ахметов.
Қала әкімі М.Әйтенов сала мамандарына құрылысты кестеге сәйкес мерзімінде аяқтауды тапсырды.
Онлайн жиында карантин кезінде тұрғындарға әлеуметтік қолдау көрсету мәселесі де талқыланды.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау басқармасының басшысы Қасымбек Сайлауовтың айтуынша, Шымкент қаласында аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсету үшін 16,1 млрд. теңге қаралған. Бүгінгі күнге дейін 19 519 отбасыға 4.5 млрд. теңге көмек көрсетілген.
Айта кетейік, «Birgemiz» қоғамдық қорынан 41 630 мұқтаж азаматқа 50 мың теңге көлемінде қолдау көрсетілген. Сондай-ақ, сәуір айында 8 333 отбасының, ал мамыр айында 9 233 отбасының коммуналды қвзметтерді пайдалану бойынша шығындары өтелді.
Ал, өтініштерді қабылдау мен қарау 25 маусымға дейін жалғасады.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі