Жақында өткен Сенат отырысында ҚР Үкіметінің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комиетінің 2019 жылғы Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері тыңдалды. Аталған Сенат отырысында сенатор Нұрлан Бекназаров былтырғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері бойынша баяндама жасады. Сенатордың айтуынша 2019 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы тұрақты макроэкономикалық ахуал мен экономиканың бірқалыпты өсу қарқыны жағдайларында жүзеге асырылған.
Жалпы республикалық бюджетке түсетін түсімдер жоспарға шаққанда 100,5 пайызға орындалды. Кірістер 100,4 пайыз деңгейінде қалыптасты. Шығыстар мен шығындар 99,9 пайызға орындалған. Бюджеттік тапшылық 1 296,3 млрд. теңгені құрады, бұл жоспарлы көрсеткіштен 68,4 млрд. теңгеге төмен екенін Н.Бекназаров атап өтті.
Сонымен қатар Сенатор 2019 жылы әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешуге бөлінген қаржының тиімсіз пайдаланылған сомасы алдыңғы жылдың деңгейіне қарағанда үш есе артып, 427.5 млрд. теңгеге жеткендігін және былтыр республикалық бюджеттен өңірлерге бөлінген қаржы едәуір ұлғайғанын, яғни, бөлінген қаржы жергілікті бюджеттің барлық шығыстарының жартысынан көбіне тең болғанын, нәтижесінде жергілікті бюджеттің жоғарғы бюджеттен тәуелділігі жылдан жылға артқанын мәлімдеді.
- Елбасының стратегиялық бағытында, 100 нақты қадам – Ұлт жоспарының 5 институционалдық реформасында және мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген экономиканы цифрландыру бойынша атқарылған жұмыстардың оң нәтижесін көріп отырмыз. Оның бір айғағы, елімізде індетке байланысты жарияланған карантин режимі кезінде барлық мемлекеттік органдарды цифрландырудың нәтижесінде азаматтарымызды әлеуметтік қорғау және олардың арыз-талаптарын қарауда электрондық форматта қашықтықтан қызмет көрсетілуі, цифрландырудың тиімділігі мен маңыздылығын дәлелдеді. Cонымен бірге, бұл бағыттағы бірқатар кемшіліктер де анықталып, әлі де алда атқаратын жұмыстар бар екенін көрсетті. Экономиканың барлық салаларын цифрландырудың жаһандық тренді жағдайында сандық технологияларды енгізу және кеңінен тарату бәсекеге қабілеттіліктің негізгі факторы болып табылады. Осыған орай алдағы уақытта да еліміздің экономикасына жаңа технологиялар мен цифрландыруды толық ендіруге Үкімет ерекше көңіл бөліп, оларды дамытуға, оның ішінде шалғай елді мекендерді цифрландырумен толық қамту мәселесін қаржыландыруды жалғастыру қажет, — деп Нұрлан Бекназаров Үкіметке нақты ұсыныс айтты.
Сенатор сөз соңында, ҚР Үкіметінің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комиетінің есептерін, айтылған сын ескертпелерді ескеріп мақұлдауды ұсынды.