Ақпараттық коммуникациялар орталығында Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-мойоры Ералы Жұмаханбетовтың қатысуымен карантин кезінде қаладағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша онлайн-брифинг өтті.
Департамент басшысының мәлімдеуінше, қала аумағында карантиндік талаптардың сақталуын бақылау мақсатында арнайы мониторингтік топтар жұмыс істеуде. Әрбір топтың құрамына учаскелік полиция инспекторы, аудан әкімдіктерінің, аумақтық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің, қалалық прокуратураның өкілдері бар.
— Жалпы қалада 30 мобилдік топ рейдтік іс-шаралар жүргізіп, карантин талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу бойынша 299 жайтты анықтады. Тәртіп бұзушылықтар сауда орталықтарында, дүкендерде, кафе, тамақтандыру мекемелері мен басқа да қоғамдық орындарда орын алды. Сонымен қатар, ескерту іс-шараларын өткізу бойынша 11 факті анықталды. Қазір қауіпті дерттің таралу қаупі әлі сейілмей тұр. Осы орайда, қала тұрғындарына айтарым, қабылданып жатқан шаралар ең алдымен індеттің таралуына жол бермеуге және азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмеуге бағытталған. Сондықтан карантин талаптарын барынша қатаң сақтауға шақырамын, — деді Е.Жұмаханбетов.
Брифингте Полиция департаментінің басшысы заңсыз дәрі-дәрмектердің бағасын қымбаттатып сату фактілері де орын алғанын атап өтті.
— 2020 жылдың 5 шілдесінен бастап бүгінге дейін Полиция департаментімен жедел профилактикалық шаралар жүргізу барысында дәрі-дәрмек тапшылығы мен бағасының қымбат сатылуы және интернет желісі арқылы жарнамалау фактілері анықталды. Қала бойынша заңсыз дәрі-дәрмектің бағасын қымбат сатылуы бойынша 15 факті белгілі болды. Аталған фактілер бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 214-бабымен қылмыстық істер сотқа дейінгі тергеп, тексеру бірыңғай тізіліміне тіркеліп, қала прокуратурасы тарапынан қылмыстық істердің тергеу реттілігі айқындалды. Зерделеу жұмыстары қатаң бақылауда, — деді Ералы Мұсаәліұлы.