Облыс әкімі Ө.Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес, үй іргелік жерлерден соңғы технологияларды(тамшылатып суару әдісін) пайдалана отырып мол табыс табу бағытында аудан әкімі Н.Байғұттың бастамасымен көктем мезгілінде көшпелі семинарлар өтіп, бүгінгі таңда семинар өз жемісін беруде. Семинарға қатысқан көпбалалы отбасылардың 31-і үй іргелік жеріне тамшылатып суғару әдісін енгізіп, мол өнімге қол жеткізіп отыр.
Соның бірі көп балалы ана ауданымызға қарасты Жыланды елді мекенінің тұрғыны Айтбаева Гулбахира Абдуллақызы. «Нәтижиелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың» 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында «тамшылатып суғару әдісі» және мал шаруашылығын дамыту бағытында 555600 теңгеге қайтарымсыз грант алып, өз жеке кәсібін бастап отыр.
- Мен Гулбахира Абдуллақызы Тастұмсық ауылдық округіне қарасты Жыланды ауылының тұрғынымын. Көп балалы аналар қатарындамын. Көп балалы аналарға қайтарымсыз гранд берілетін болды дегенді есітіп мәз болып қалдық. Осы күнге дейін алатын болмашы тиын-тебеніміз біріне жетсе біріне жетпейтін. Амал жоқ, жоғына барын құрап «жоқ» демей өмір сүріп келдік. Сөйтіп, қажетті құжаттарымызды жинап, көмек алуға асықтық. Сондағы ойымыз баршылықта, молшылықта өмір сүретін болдық қой дегеніміз. Расымен де, қайтарымсыз қаржы алған соң жағдаймызда едәуір жақсарды. Баяғыдай, жамап-жапсыру азайды. Балалар да керек-жарағын, тәтті кәмпиті мен ойыншық мәшинелерін алып, қуанды. Бұл біздер үшін үлкен қуаныш болды. Қарапайым халық үшін жасалған бұл көмек бәріміз үшін қолдауға ие дүние болды. Аз уақыттың ішінде алған ақшамыздың 200 мыңына «тамшылатып суғару құрылғысын», ал қалған қаржыға сауынды сиыр алдық. Бүгінгі таңда тамшылатып суғару құрылғысын үй іргелік 10 сотық жеріме орналастырып, ол жерге қырық қабақ, қызанақ, картоп, қияр, балгар бұрышын егіп, алған өнімімнен қысқа қажетті банкілерімді толықтай жауып алдым.
Сауынды сиырдан күніне шығатын 9 литрден астам сүтін аудандық «Майлыкент-Сүт» ЖШС өткізіп, ол қаржыға үйге қажетті керек-жарақты алып отырмыз. Алдағы уақыттада осы бағытта жұмысты жандандырып, тұрмысым мен жағдайымды жақсартқым келеді. Бізге осындай өлшеусіз көмек көрсеткен Мемлекетке ана ретінде алғысым шексіз.
Бүгінгі таңда Түлкібас ауданында жұмыссыз, тұрмысы төмен азаматтарды және табысы төмен отбасыларды, оның ішінде көпбалалы отбасылардың тұрмыс сапасын арттыруға және өзін-өзі жұмыспен қамтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар толыққанды іске асуда.
Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі