Шымкент қаласы Nur Otan партиясы ғимаратында Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Талғат Балтабаевтың қоғамдық қабылдауында болып, жаңадан сайланған жас депутатқа жеке мәселелерін айтып келген қала тұрғындарының да көп келгенін байқадым.
Келген көпшіліктің бірі қала аумағына қосылған шалғайдағы елді мекенің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын айтса, бірі баспана мәселесін қозғап, жас депутатқа өз даттарын жеткізді.
Әріптес інім, депутат Талғат Балтабаевқа артылған жүк те жеңіл емес. Сайлау додасына қосылғанда, әсіресе, БАҚ өкілдері тақымымызды қысып, бәйгеден озып келсін деп тіледік. Тартысты саяси дода да жеңіске деген жігер танытып, топ жарды. Депутат болса, ел қамын ойлайды, халықтың мұң-мұқтажын шешеді деген сенім мол.
Өз басым, депутат қабылдауында алғаш рет болып, көкейде жүрген мәселемді қозғай алдым. ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫ ҰЛТ » идеясын Шымкент қаласында жүйелі жүзеге асырудың негізгі бағыттары жайында әңгіме қозғадық. Бұл қабылдауда білім саласында оңды өзгерістер мен тың бетбұрыстар жасап жүрген интеллектуалды ұлт жанашыры, Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева да қатысты.
Ол білім саласында зияткерлік ойынды дамытудың жаңалықтары мен атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар жайлы кеңінен айтып өтті. Осыған ат салысып жүрген бізге де алғысын айта кетті. Депутат әріптес Талғат Балтабаев интеллектуалды ұлт жайында айтқан ұсыныс- пікірлерді мұқият тыңдап, интеллектуалды ұлт пен ақыл-ой тәрбиесі болып саналатын зияткерлік ойынға қолдан келген қамқорлығын аямайтынын жеткізді.
Ұлттың болашағына жаны ашитын Талғат Балтабаев секілді халық қалаулылары көп болсын дегім келеді.