Қарапайым заттар экономикасын дамыту – бұл ішкі нарықты отандық тауарлармен толықтыру, бәсекеге қабілетті өндірістер құру. Ең бастысы импортты отандық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен алмастыру.
Қала әкімінің орынбасары Айбек Саттыбаев Шымкент қаласында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 50,6 млрд теңге болатын 65 жоба қаржыландырылғанын айтты. Осының нәтижесінде мыңнан аса жұмыс орны ашылған.
Оның айтуынша, қалада биылғы жылы аталған бағдарлама бойынша 80 жобаның банк несиелерін субсидиялау және 20 жобаны кепілдендіру жоспарланып, бұл мақсатқа 83,4 млрд. теңге қаржы қаралған. Бағдарламаға қатысуға 84 кәсіпорын өтінім білдірген. Оның ішінде бүгінде 65 жоба қаржыландырылса, қазір екінші деңгейдегі банктерде 4,2 млрд теңге сомасындағы тағы бес жоба қарастырылуда.
Қала әкімінің орынбасары Айбек Саттыбаев Шымкент қаласы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жобаларды субсидиялау бойынша Алматыдан кейін екінші орында екенін айтты.
Сонымен бірге ол екі ай бұрын осы бағдарламаға түзетулер енгізіліп, онда қолдауға жататын басым қызмет түрлері мен тауарларды кеңейту, лизингтік компанияларды бағдарлама операторлары ретінде қосу көзделгенін айтып өтті.
Бағдарламаның арқасында 2025 жылға қарай кредиттелетін тауарлар бойынша импорт үлесі 59 пайыздан 37 пайызға дейін төмендеп, 16 мыңға жуық жұмыс орны құрылады деп күтілуде.