Шымкент қаласы бойынша Ұлттық халық санағына бүгінгі таңда 235475 адам онлайн жүйеде қатысты. Ұлттық статистика бюросының Шымкент қаласы бойынша департаментінің мәліметінше, осылайша үшінші мегаполисте онлайн санақтан өткендердің үлесі 21,4 %-ды құрап отыр. Оның ішінде sanaq.gov.kz сайты арқылы 197273 адам, e-gov порталы арқылы 26725 адам жəне Aitu мобильді қосымшасы арқылы 11477 адам тіркелген.
Отырар телеарнасының бағдарламасында тікелей эфир арқылы тұрғындардың сұрақтарына жауап берген қала әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков халықты санаққа қатысуда белсенділік танытуға шақырды.
– Халық санағы қаланың алдағы әлеуметтік-экономикалық даму бағыты үшін аса маңызды. Мәселен, жол салу, үй құрылысы, ауыз су, газ, жарықпен қамтамасыз ету, мектеп, бала-бақша мен ауруханалар бойынша инфрақұрылымды дамытуда санақтың маңызы зор. Осының барлығы халық санына қарай есептеліп, қаржыландырылатын дүниелер. Отбасының жан басына шаққандағы қаржыландырылуы да осы санақ нәтижесіне байланысты. Сол себепті барша тұрғындарды жалпы ұлттық науқанда белсенділік танытуға шақырамын, – деді қала әкімінің орынбасары.
Жалпы, онлайн санақтан 15-ші қазанға дейін sanaq.gov.kz сайты арқылы өтуге болады. 1-30 қазан аралығында санақ персоналы үй-үйді аралайды. Бүгінде Шымкент қаласы бойынша 177 нұсқаушылық жəне 1207 санақ учаскілері құрылған.
Ұлттық халық санағын өткізуге қалалық жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелген 172 нұсқаушы-бақылаушы жəне 1184 интервьюер, студенттер мен еріктілер және өзге де ниет білдірген азаматтар жұмылдырылып отыр.