Биыл Түркістан облысындағы 961 мектепте 510 мыңнан астам бала білім алады. Ал, 1-сыныпқа 54 570 оқушы қабылданады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгінде өңірде жаңа оқу жылына дайындық барысы үлкен қарқынмен жүріп жатыр. Әлеуметтік осал топтағы отбасы балаларын мектеп формасымен және мектеп құралдарымен қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен 1,9 млн теңге қаржы бөлінді.
«Қаржы 52 мыңнан астам баланың ата-аналарының есепшоттарына аударылады. Әр балаға 35 275 теңге белгіленді. Бұдан бөлек, «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында 568 балаға жалпы 12,5 млн.тг демеушілер тарапынан материалдық көмек берілді. Шара қыркүйек айының аяғына дейін жалғасады» — дейді, облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы.
Жыл соңына дейін облыста тағы 16 мектептің құрылысы аяқталады. Сондай-ақ, өңірде салынып жатқан жекеменшік мектептер бар. Олардың да саны 56-ға жетіп отыр. Облыс бюджеті мен «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында 32 мектепті күрделі жөндеуден өткізу үшін 4 012,7 млн теңге қаралған.