Елімізге белгілі сатирик Көпен Әмірбек ағамыздың «Шәмшінің әндері мен әзілдері» кітабынан:
ҚҰРМАНҒАЗЫ ҚАЙ ОҚУДЫ БІТІРГЕН?
Қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған заманда «Жоғары оқу орнын бітірмегендер КСРО Композиторлар одағының мүшесі болмайды» деген қатып қалған қағида бартын.
– Мен таң қалам, – дейді екен Шәмші.
– Алматыдағы Консерваторияға Құрманғазының аты берілген. Сонда Құрманғазы атам қай консер¬ваторияны бітірді екен?
ДАУЫС
Әйгілі Нұрғали Нүсіпжанов мектеп бітіргесін екі жылдай шопан болған. Алматыда өткен жас әншілердің байқауына қатысып, бағын сынап көрген Нұрғалидың өнеріне риза болған Шәмші:
– Мына баланың даусы бұлақтың басына шөлдеп келген лақтың дауысындай! — деп баға беріпті.
ИТ ИНФАРКТ БОЛА МА?
«Ғалымдардың болжамы бойынша, бүкіл жан-жануардың ішінде ит қана инфаркт болмайды екен…» деген сөзді газеттен оқы¬ған Шәкең:
– Егер менің көрген күнімді көрсе ит те инфаркт болады! – депті қуақыланып.
ҚАРА КӘСТӨМ
Шәмшіге ел-жұрты ерекше құрмет көрсетіп, су жаңа кәстөм-шалбар кигізеді. Алматыға келгесін сол жаңа киіммен достарына соғады да, түнделетіп үйіне келе жатса көшенің бұзықтары ұстап алып:
— Шешін! – дейді.
— Әй, жігіттер, мен Қалдаяқовпын ғой.
— Бізге Қалдаяқов емес, қара кәстөм керек! – дейді әлгі әпербақандар. Сонда жарықтық Шәкең:
— Айналайын халқым, өзі киіндіреді, өзі шешіндіреді. Халқым аман болсын! – деп шешіне бастаса керек.
ӨТІРІК «ШӘМШІ»
Бір заманда өтірік «Шәмшілер» көбейіп, атын пайдаланғандар аз болмаған. Сыраханада Әбілахат Еспаев екеуі тұрса, бір бейтаныс жігіт кеп:
— Мен Шәмші Қалдаяқовпын! – деп өзін таныстырады. Екі дос не дерін білмей, бір-біріне қарайды. Әбекең:
— Мен Әбілахат Еспаевпын! – дейді. Ал, Шәмші өзін:
— Академик Ахмет Жұбановпын! – деп таныстырады. Әлгі жігіт кеткесін Әбекең:
— Өлген кісінің атын айтып, өтірік танысқаның ұят емес пе? – дейді. Сонда Шәмші:
— Ұялса анау жігіт ұялсын, – дейді.
– Ол жігіт тіріні өлтіреді, ал мен өліні тірілттім.
БІР ҚАП КҮРІШ
Шардара ауданындағы Қазақстан ауылында болған оқиғаны естіп, шексілем қатты. Неге күлдім дейсіз бе? Шәмші ағаның табан астында тауып айтқан тапқырлығына таң қалдым. Осы ауылда бас агроном боп істейтін досына Шәкең жыл сайын ат басын бұрып, он-он бес күн аунап-қунап қайтады екен. Шәмші Қалдаяқовтың атын естігесін ауыл-аймақ амандасып, ақ дастарханның басында алқа-қотан отырып, дәмдес-тұздас болу дәстүрге айналған. Сондай ағыл-тегіл сәтте бір жігіт:
— Шәмші аға, – депті бірдеңесі өтіп кеткендей өктемдеу сөйлеп, – Есіңізде ме, былтыр сізге бір қап күріш беріп ем ғой.
Шәкең естімеген рай танытып, үндемепті. Әлгі жігіт әдепсіз сұрағын тағы қайталап:
— Аға, депті, – былтыр бір қап күрішті машинаңызға артып жіберген едім ғой, есіңізде ме?
Сонда Шәкең бедірейген жігіттің бетіне қарап:
— К… к… күріш есімде, өзің есімде жоқ! – дегенде, жұрт қыран-топан күліпті.
ОРЫС ІЗДЕП ӘУРЕ БОЛМАЙСЫҢ
Күлкі жанрының классигі Оспанхан Әубәкіровтың жесірі Нұрсұлу жеңгемнің әңгімесі жырдан да қызық.
— Орта мектепті бітіргесін, консерваторияға түстім, – дейді жеңгей, – курстастарым Асанәлі Әшімов, Райымбек Сейтметов, Нүкетай Мышбаева, Оспанхан Әубәкіров, Шәмші Қалдаяқов…Кілең сайдың тасындай, бәрі де қазақша сайрап тұр. Мен Қостанайдағы детдомда өскен жетім қызбын. Орысша оқып, орысша тәрбие алдым. Қазақша түсінем, бірақ сөйлей алмаймын. Қай қазақтың сұрағына да орысша жауап қайырамын. Күндердің күнінде Оспанхан екеуіміз тіл табысып, үйленетін болдық. Мені Шәмшіге ертіп барды да:
— Шәке, – деді, осы қызды алсам қайтеді?
— Алсаң ал, орыс іздеп әуре болмайсың, – деді Шәмші де езу тартып.
ШӘМШІ ҚАЛАЙ КЕКЕШТЕНДІ?
Сары «Жигулиімен» салып ұрып Шымкентке келген Шәмші ақын інісі Исрайыл Сапарбаевты күтіп көшеде тұрса, МАИ қыз¬меткері ентелеп:
– Тоқтамайтын жерге тоқтап, көше тәртібін бұздыңыз. Талоныңызды әкеліңіз, тесемін! – дейді.Қажымұқанның тышқаннан қорыққаны сияқты Шәмші әзіл-шыны аралас «Мен екі-ақ нәрседен қорқам: Өзбекәлі Жәнібековтен және мілисадан» дейді екен. Тілінің тұтықпасы бар, сәл-пәл кекештеніп сөйлейтін Шәкең қызыл жағалыларды көргенде:
– Шә…шә…шә! – дейді сасқалақтап. Екі «мілиса».
– Ей, неге боқтайсың? – деп дүрсе қоя береді. Дәл осы сәтте келе қалған Исрайыл інісін арқаланып:
– Шә…шә…шә! – дейді Шәмші.
– Мынау бізді шымкентшілеп тағы да боқтап жатыр ғой!Исрайыл ибалы сөзімен:
– Жігіттер, бұл кісі Шәмші Қалдаяқов қой, танымай қалдыңдар ма? – дейді. Екі МАИ аң-таң:
– А? Ассалаумағалейкум, аға!Екі «мілисаның» жаймашуақ ықыласына жайылып түскен Шәкең:
– Мен… мен… Шә… шә… Шәмші Қалдаяқов дейін десем… Қалдаяқовқа жете алмай қор болдым ғой! – депті.
«НУ И ЧТО ЖЕ…»
Ауылға бардым. Шаянға. Наурыз мерекесіне. Әлпеті келіскен әжей әй-шәй жоқ маған тарпа бас салып:
– Шәмші туралы кітап шығарған бала сенсің ба?
– Иә, апай…
– Сол кітаптың ішінде мен неге жоқпын? Мені неге жазбайсың?
– Сіз кім боласыз?
– Білмесең, тыңда. Айтайын. Осы әңгімемді келесі кітабыңа қос, шырағым.Әжеміз әңгімесінің тиегін ағытты.
– Алпысыншы жылдардың басы. Студент кезім. Шымкент пединститутының соңғы курсындамын. Шымкентке Шәмші Қалдаяқов көшіп келіпті деп естідік. Нөкістен Сарыағашқа қоныс аударған Төлеген Айбергенов атағы жер жарған композитор ағасына арнаған өлеңі де студенттер арасына тез тарады.Үстінен Оңтүстіктің таңдай атып,Шымкентке келіп қалды Қалдаяқов.Қалдаяқов келді де, ару қызды өзінің әуенімен алды оятып.
Курстың старостасы едім. Шәмші ағаны кездесуге шақырдық. Келді. Отыздың үстіндегі орда бұзар жаста екен. Кеш керемет өтті. Менің де Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова секілді атақты әнші болсам деп армандап жүрген кезім. Кез¬десуден кейін бір топ қыздар Шәмші ағаны үйіне шығарып салдық. Қоштасар сәтте:
– Ағай, — дедім қиылып, — жаңа әніңізді менен басқа ешкімге бермеңізші. Мен бірінші орындайыншы.
– Жарайды, мақұл!..Келістік. Содан күнара Шәмші ағаның үш бөлмелі пәтеріне кеп, шай құйып, құрақ ұшам. Бала-шағасы Алматыда. Анда-санда кинотеатрға барамыз. Кей кезде паркте қыдырамыз. Бар арманым – жаңа әнін бірінші боп орындау.Күндердің күнінде өсек тарады. Мені Шәмшімен жүреді екен деп жұрт гу-гу, пыш-пыш. Алғаш естігенде қаным басыма шапты. Жігітпен жүрмек түгілі бір жігітке білегімді ұстатпағам. Ашуланып, долданып Шәмші ағаның есігін қақтым. Бұзылып кеткен түрімді көріп:
– Не болды? Емтиханнан «2» ап қалдың ба? – деп әзілдеген болды.– Жұрттар айтып жатыр…
– Не айтып жатыр?Үндемеймін. Булығып тұрмын.
– Жұрттар айтып жатыр, ағай…Шәмші аға темекісін тұтатты да:
– Не айтып жатыр? – деп қайталап сұрады.
– Мені сізбен жүреді екен деп айтып жатыр.Ағам аспай-саспай темекісін сорды да:
– Ну и что же, ақыры айтылып қалған екен, жалғастыра берейік! – деді.Осыны жазшы, айналайын!
АУРУДЫҢ ЖАҚСЫСЫ ҚАЙСЫ?
Қазақта «Аурудың жақсысы жоқ» деген сөз бар.
– Аурудың да жақсысы бар, — дейді екен Шәмші аға, — Ең жақсы ауру – қышыма, қасыған сайын жаның кіреді.
ҚЫМЫЗ, ҚЫЗ… ӘН
Өзі ойнақшыған көрікті де, көңілді періштелерді көрсе-ақ отқа түсер көбелектей қалбаң қағатын мінезін байқаған құрдастары:
– Өстіп жүріп бабник боп кетпес пе екенсің? – десе, Шәмші:
– Қымызды кім ішпейді, қызды кім сүймейді, әнді кім айтпайды? – Қымызда қуат бар, қызда шуақ бар, әсем әнде бұлақ бар! – дейтін көрінеді.
АЛҒАШҚЫ МАХАББАТ
Шәмші бір сөзінде былай депті.:
— Алғашқы махаббат туралы ән көп, алғашқы махаббатты жырламаған ақындар да кемде-кем. Екінші махаббат, үшінші махаббат, төртінші махаббат деген ән естісем құлағым керең болсын. Сондықтан да, алғашқы махаббаттың аты – алғашқы махаббат. Ал олардан кейінгі махаббаттың бәрі де алғашқы махаббатты қайталау. Повтор, повтор!..
Мен әр әніме алғашқы махаббаттай қараймын.
ЛЕНИН ҚАЙДА НҰСҚАП ТҰР?
…Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев екеуі Алматыдағы Ленин ескерткішінің түбінде кездесіпті.
«Ойласам талай-талай қыр басыппын,
Досым деп доңызбен де сырласыппын!» – деп жыр оқыған Мұқағали:
– Ленин неге оң қолын шығысқа қарай көтеріп тұр? – деп сұрапты. Сонда Шәмші не деген?
– «Банк пен базар мына жақта. И бас жазатын жер де осы жақта!» деп тұр, – деген. Міне, әзіл. «Орынды мысқыл – оқтан да өткір».
ҚЫРЫҚ ТИЫННЫҢ ХИКАЯСЫ
– Сен Шәмшімен кездестің бе? – деді Серік Әбікенұлы.
– Кездестім. Студент кезімде бетпе-бет бірінші рет көрдім. Мен он тоғыздамын, Шәкең отыз тоғызда. Қазіргі Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлжан Қарақұсованың әкесі Жанпейіс Қарақұсов ағай «КПСС тарихынан» лекция оқитын. Орысша, қазақшасы бірдей, аса сауатты ұстаз еді. Кейде лекциясының орнына ақын-жазушыларды ертіп әкеліп, қызықты кездесулер ұйымдастыратын. Күллі студент жан-жақтан қозыдай жамырап, сан алуан сауал тастаймыз. Ол кезде атақты ақын-жазушыны тірідей көру – біз үшін үлкен мәртебе. Сондай бір кезеңде Жанпейіс ағай Шәмші Қалдаяқовпен кездесу өткізді.
– Ағай, туған жеріңізді айтыңызшы? – деді тіл мен жағына сүйенген Өмірәлі курстасымыз.
– М… мен негізі Сарықамыста туғам! – деді. Сәл-пәл тұтығыңқырап сөйлейді екен.
– Сарыкөл қайда?
– Ш… Шәуілдірдің аржағында.
– Шәуілдір қайда, ағай?– Сарыкөлдің бержағында.
Шәмші ағаның жібектей есілген жауабына бәріміз ду күлдік. Кейін «КазГУ қайда?» деп сұрағандарға «Главпочтаның аржағында» дейміз. Ал «Главпочта қайда?» десе, «КазГУ-дің бержағында» деп Шәмші ағаның желісімен желдіртетін болдық.
Арада көп уақыт өткен жоқ. Түсте сабақтан шығып келе жатсам, Ленин ескерткішінің түбінде Мұқағали Мақатаев екеуі сөйлесіп тұр екен. Жүгіріп барып сәлем бердім.
– Әй, сары бала, – деді Мұқағали аға, – анау фотограф орысты бері алып кел. Суретке түсейік, сен бала тарихта қаласың.
«Менен өткен дарын жоқ!» деп кеудемізге нан пісіп жүрген кез. «Ойпырмай, Мұқағали аға менің тарихта қалатындай талантымды байқаған екен-ау!» деп іштей тасыдым.
Ленин ескерткішінің маңында мойнына фотоаппаратын асып алған орыс шалмен сөйлессем, суретке түсудің бағасы 1 сом 80 тиын екен. Қалтамды қақсам – 1 сом 40 тиын ғана бар, 40 тиын жетпейді. Енді не істеймін? Әрі-бері жалынсам, көнбейді. Көнбейтін де жөні бар, өйткені, ол кездегі базардың нарқы бойынша 40 тиынға екі қойдың басын сатып алуға болатын. Мойным салбырап, ағаларыма қайтып келдім.
– Не болды? – деді Мұқаң.
– Фотоға түсуге 40 тиыным жетпей қалды, – дедім күмілжіп.
– Онда жететін жерге барайық! – деді «Кооператор» жақты иегімен нұсқап. Опера театрының алдында «Кооператор» деген дүкенде қызыл шарапты стаканға құйып сататын. Сонда келдік, 200 грамм бір стакан вино 40 тиын екен. Қысылатын не бар, фотоға жетпеген 1 сом 40 тиыным, шүкір, шарап алуға жетіп-ақ тұр.…Қазір соған өкінем! Ішім удай ашиды. Шіркін-ай, сонда 1 сом 80 тиыным болғанда ғой, екі ағаммен суретке түсіп, тарихта қалатын ем. Бұйырмаған дүние!
ЖҮРЕК АУРУЫ…
Кір жуып, кіндік кескен жері Отырарға барғанда Шәмші аяқ астынан ауырып, ауылындағы ауруханаға түседі. Хал-ахуал сұраған жерлестері:
— Жүрегіңіз ауырады екен-ау? – дейді. Шәкең оған мойысын ба?
— Жүрек ауруымен жүрегі барлар ғана ауырады! – дейді.
КЕШ КЕЛГЕН АТАҚ
Дүниеден озар шағында ауруханада төсек тартып жатқан Шәмші «Халық әртісі» деген атақ берілгенін естіп:
— Бұл не? — дейді жайбарақат.
— Атақ қой, – депті жанындағылар жалаулата сөйлеп. Сонда жарықтық Шәкең жай ғана:
— Осынысын ертерек берсе үкіметтің атағы таусылып қалар ма еді? – депті де қойыпты.
Күлесіз бе? Жылайтын сөз ғой.
БИІК ӘҢГІМЕ
Халық артисі, әйгілі әнші-композитор Алтынбек қоразбаевтың көзбен көріп, құлағымен естіген әңгімесіне зейін қояйықшы.
– Тоқсаныншы жылдары «Қазақстанға еңбегі сіңген мәдениет қайраткері» деген атақты Шәмші ағамен қатар алғаныма қатты қуандым. Бірақ сазгер ағам желп етіп желпінбеді. «Үлкен үйде» тапсырылатын сол марапатты алуға бірге барайық дегенімде ағамның аяғы ол жаққа баспай-ақ қойды.Себебін сұрағанымда:
– Олардың мінәндай атағынан менің «Шәмші» деген мына-а-а-а-дай атым артық! – деді де кері бұрылып кете берді.
Түһ, неткен биіктік!