Шымкентте «Қуатты армия – Жаңа Қазақстан» ұранымен бастау алған жаңа оқу кезеңі аясында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы механикаландырылған бригадасының әскери қызметшілерімен бөлімді жауынгерлік әзірліктің жоғары деңгейіне келтіру бойынша тактикалық-саптық сабақтар өткізілді.
Мұндай сабақтар жеке құрамның қысқа мерзімде құрал-жабдықтар, қару-жарақ пен оқ-дәрілерді алу, әскери техниканы тез арада дайындап бокстарынан шығару және роталық топтар қалыптасатын аймаққа көшіру сияқты әрекеттерді қамтиды.
Осы күзде осы бригадаға шақырылған мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер өмірлерінде алғаш рет жауынгерлік дабыл бойынша іс-әректтерін пысықтады.
Жас сарбаз, қатардағы жауынгер Айбек Берденовтің айтуынша, жаңа оқу кезеңі басталар алдында олармен қызметтік міндеттерін орындау кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша іс-қимыл алгоритмдерін жеткізу, сондай-ақ қару-жарақ пен әскери техникаға қызмет көрсету кезінде жарақаттанудың алдын алу бойынша нұсқаулық-әдістемелік сабақтар өткізіліпті.
Біз екі апта бұрын ғана ант қабылдадық, оған дейін алғашқы әскери дайындық курсынан өттік. Армиядағы көп нәрсеге үйреніп қалдым, енді жаңадан не болуы мүмкін деп ойлай бастаған едім, бірақ олай емес екен. Ұйқымыз таңғы алтыда, кезекшінің «Рота, оян!» деген ащы даусымен ашылды. Кезекші бізге «жауынгерлік дабыл» түскенін айтып, қалай әрекет ететінімізді түсіндірді. Менің байқағаным осы аралықта қалада тұратын офицерлер мен сержанттар әскери бөлімге келіп, құрал-жабдықтар мен қару-жарақтарын алып жатыр екен. Бұл мені қатты таң қалдырды. Мен ішімнен кәсіби әскери қызметші деген осындай болады екен деп ойладым, — деп Алматы қаласынан шақырылған қатардағы жауынгер Айбек Берденов өз әсерімен бөлісті.
Жауынгерлік дайындық аптасынан кейін барлық санаттағы әскери қызметшілермен мамандық бойынша сабақтар өтеді. Онда жеке құрам атқаратын лауазымдық міндеттерін, штаттық қару-жарақ пен әскери техниканың материалдық бөлігін, оларды пайдалану тәртібін зерделейді.
Бір жыл ішінде жеке құрамды оқыту әскери қызметшілерді мамандық бойынша даярлауды, бөлімшелерді үйлестіруді, жауынгерлік атыстарды және тактикалық жаттығуларды қамтитын жауынгерлік даярлық бағдарламалары бойынша жүргізілетін болады.