Шымкент қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан мектеп оқушыларына арналған жаңа жылдық шырша тойы тойланды.
Еліміз бойынша бір мезгілде өткен шара «Жаңа Қазақстан – бақытты балалық шақ мекені!» деп аталды. Оған қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысып, балғындарға Мемлекет басшысының құттықтау хатын оқып берді.
«Айналайын балақай! Жаңа жыл мерекесі құтты болсын! Осы тамаша мейрам саған көп қуаныш әкелсін! Келешекте отаныңды сүйетін үлкен азамат бол. Білім мен еңбек сені биік белестерге бастайды. Оқуда озат болып, спорт және шығармашылықсалаларында зор табыстарға жетуіңе тілектеспін! Армандарың орындала берсін!», — делінген құттықтау хатта.
Бұдан соң, Мұрат Дүйсенбекұлы оқуда, спортта, шығармашылықта және қоғамдық өмірде жетістіктерге жеткен дарынды 9 бен 13 жас аралығындағы 300-ге жуық балаға Президент сыйлығын тапсырды.
Жаңа жылдық ғажайыптар еліне саяхаттаған балалар танымал мультфильмдердің және халық ертегілерінің кейіпкерлерімен танысып, олармен ойын ойнады, ән айтып, би биледі.
Іс-шара барысында танымал мультфильмдердің кейіпкерлері, аниматорлар, балалар шығармашылық ұжымдарының қатысуымен хореографиялық, театрландырылған қойылымдар көрсетілді.